Балаға емізік (соска) беру күнә ма? Емізік беру баланы алдағанға жата ма?
Балаға емізік (соска) беру күнә ма? Емізік беру баланы алдағанға жата ма?
4 жыл бұрын 7355

Сәлеметсіздер ме! Кішкентай жаңа туған сәбиге «соска» беруге Шариғатта үкім бар ма? Бір кісінің «беруге болмайды» дегенін естіген едім. Сол үшін сұрап жатырмын. Рақмет. Жаңылай.

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал қоюшы, баланы алдандыру – басқа, алдау басқа. Алдандыру – ол, алдау емес. Бала болса да алдауға дініміз рұқсат бермеген[1]. Бірақ, мысалы, жыламасын деп ойыншықпен немесе қызықты нәрселер көрсетіп баланы алдандыру – күнә емес. Кезінде сахаба әйелдер есі кіріп қалған балаларына үйрене берсін деп кейде ораза тұтқызатын болған. Сонда, егер, балалары қарны ашып тамақ сұрай бастаса, ауыз ашарға дейін ойыншық беріп алдандыра тұрады екен[2]. Осыдан келіп, баланы жыламасын деп алдандырудың күнә емес екендігін аңғарамыз.

Ендігі жерде, емізік беру де баланы алдандыру тәсілінің бірі. Анасы керекті асын бергеннен кейін, жыламасын деп емізік беріп қояды. Оның ағаттығы жоқ. Ол – баланы алдауға жатпайды. 

Бірақ, себепсіз баланы уақытында емізбей, мысалы, достарымен әңгімелесу барысында әңгіменің қызығына кіріп кетіп, аш баланы соскамен алдап қойса, сондай кезде күнә десе болады.


[1] Сахаба Абдулла ибн Омар былай әңгімелейді: "Алла елшісі (с.а.у.) біздің үйде отырғанда анам мені: «Кел, мынаны саған берем» деп шақырды. Сонда Алла елшісі анама: «Оған не бергің келді?» - деп сұрайды. Анам: «Бір құрма бергім келген» дейді. «Егер, оған еш нәрсе бермеген болсаң, саған бір өтірік жазылар еді», - деп айтты Пайғамбарымыз (с.а.у.)".  (Әбу Дәуід: «Сүнән»). 
[2] «Сахих Бұхари». «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым