Әйеліме ренжіп, қуып жібердім. Оны кешірсем бе екен?
Әйеліме ренжіп, қуып жібердім. Оны кешірсем бе екен?
3 жыл бұрын 2583

Ассаламу алейкум! Мен де, әйелім де намаз оқимыз, мұсылманбыз. Үйленгеннен кейін көп ұзамай, әйелім екеуміз көп ұрысатынды шығардық. Ұрысу тоқтамағаннан кейін мен оған: «Ажырасам», - деп үйіне қайтарып жібердім. Бірақ ол арада 4-5 күн өткен соң жылап сықтап: «Кешір, бәрін түсіндім» - дегеннен кейін қайтадан қосылдық. Көп ұзамай ұрысу -қайтадан басталды. Мен әрдайым оған «ұрысуды қоймасаң сенен ажырасам», - деп айтатынмын. Ол әрдайым болды қойдым деп, артынан шамалы күнде қайтадан ұрысуды бастайды. Әбден шыдамым таусылған соң: "Болды ажырасам", - деп әке-шешеме айттым да, әйелімді үйіне қайтарып жібердік. Арада бір аптадай уақыт өтті. Ол тағы да жылап-сықтап: «Бәрін түсіндім, енді саған бойсұнам, кешір», - деп күнде жазады. Мен не істерімді білмей жүрмін. Кешірсем қайтадан баяғыдай ұрысуды бастаймыз ба, - деп қорқам. Кешірмесем Алла тағала мені кешірмей қояды ма, - деп қорқам. Кеңес беріңіздерші, не істесем болады? Арамызда бала  жоқ. Бас-аяғы үйленгенімізге 1 жыл енді толды. Сіздерден толық жауап күтем. Алла разы болсын! Е.

Уағалейкумсалам! Қадірменді Е., сіздің әңгімеңізді оқып отырып, Алла тағаланың мына қасиетті сөзі ойыма келді. Онда былай делінген: «Әй мүміндер! Сөзсіз әйелдеріңнен, балаларыңнан өздеріңе дұшпан болатындар да бар. Олардан сақсыныңдар! (Бірақ) Егер оларды кешірім етсеңдер, шығыссаңдар, жарылқасаңдар, шәксіз Алла, өте кешірімді, ерекше мейірімді»[1].

Кей кездері, ең жақын деп санаған жарың мен өзіңнің іштен шыққан балаң (кей әрекеттері себепті) бейне бір дұшпан тәрізді сезіліп жатады.  Осындайда олардан безгің келеді. Алайда уақыт өтіп, ойлана келе, әлгі сүйкімсіз әрекеттерін пенделікке, балалыққа жатқызып, кешірім етсек, бәрі өз орнына келеді.

Ендеше, кең пейілділік көрсетіп, жарыңыздың бұрыңғы қателігін ұмытып, кешірім етсеңіз, Алла тағала сізді кешіреді, мейіріміне бөлейді деген үміттеміз. 

Жарыңыздың бойында сіз жақтырмайтын тұсы кездесіп жататыны анық. Пенде болғаннан кейін кемшіліксіз емес. Дегенмен, сол ұнамайтын тұстары  сіз үшін қайырлы болуы да мүмкін. Алла біледі, біз білмейміз. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің Ниса (Әйелдер) сүресінде: «...Сондай-ақ олармен (әйелдеріңмен) жақсы шығысыңдар. Егер оларды ұнатпайтын болсаңдар, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде, Алла тағала көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін» - деген[2].

Корытындылай келе айтарымыз: араңыздағы бұл түсініспеушілік уақытша деп ойлаймыз. Себебі үйленгендеріңізге бір-ақ ғана жыл болған екен. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі толықтай түсініп, өз-ара ұғысуларына бұл уақыт аздық ететін сияқты. Осы тұрғыда ұрыс тудыратын себептерді де електен өткізу керек. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Тағабун сүресі – №14 аят.
[2] Ниса сүресі – №19 аят.

Абдусамат Қасым