Рулас қызбен үйленуге бола ма?
Рулас қызбен үйленуге бола ма?
5 күн бұрын 2366

Ассаламуғалейкум! Исламда рулас қыз бен жігіттің үйленуіне бола ма? Ол күнә ма? Және тағы бір сұрағым бар еді. Мен депозит ашып салымның пайызын колдансам күнә бола ма? Рахмет. Алтынбек

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһ уә бәракәтуһ! 

Исламда жақын туыстығы жоқ әрі сүт бауыры емес, бірақ руы бір қыз бен жігіт үйлене береді. Оның діни тұрғыда күнәсі жоқ. Бастысы жігіт қыздың теңі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Әйелді теңіне үйлендіріңдер" деген. (Даруқутни). Ал, қазақ дәстүрінде қожа руын айтпағанда, рулас қыз бен жігіт үйлене алмайды. Десе де, арада жеті ата өткен жағдайда үлкендердің батасын алып, қосылып жататындар ішінара кездеседі[1].  

Екінші сауалыңызға келер болсақ, банкте депозит ашып, онда ақша сақтау – өсім жегендік болып саналады. Себебі, сіздің депозиттегі ақшаңыз - банкке берген қарыз іспетті. Ал, банк ай сайын сізге үстеме ақша беріп отырады. Осылайша, берген қарызыңыздың үстінен өсім жеген боласыз. Ислам дінінде, өсім жеу үлкен күнә. Сондықтан да, депозит ашуға діни тұрғыда жол жоқ. Білместіктен депозит ашқан болсаңыз, ондағы негізгі салған сомаңызды алып, үстеме пайдасын садақа етіп беріп жіберген жөн. Осы орайда, елімізде Ислами банк жүйесі дамымағандықтан, жай банктерде ағымдағы шот аштырып, ақшаңызды сонда сақтауыңызға рұқсат.


[1] Жеті атаға дейін қыз алыспау жайында «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі Исламда бар ма?» атты сілтемені басып, жазбамызды оқысаңыз болады.

Абдусамат Қасым