Қайтқан күйеуіме қайтыс боларында "тұрмысқа шықпаймын" деп уәде берген едім. Оным қате ме?
Қайтқан күйеуіме қайтыс боларында "тұрмысқа шықпаймын" деп уәде берген едім. Оным қате ме?
4 жыл бұрын 9747

Ассәләмуғалейкум! Менің жолдасым қатты сырқатқа шалдығып, жақында қайтты. Қатты қиналып жүрмін. Оған тұрмысқа шықпаймын деп уәде бердім. Сол уәдемде тұрғым келеді. Ол менің айтқандарымды ести ма? Білгім келеді.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал қоюшы, әуелі мархұмның иманы саламатты болсын дей отырып, сізге және жақындарына көңіл айтамыз!

Сауалыңызға келер болсақ, үйленудің үкімі «сүннет» болғандықтан мархұм күйеуіңізден кейін тұрмысқа шықпауыңызға құқылысыз. Тұрмысқа шықпаудың жалпы алғанда күнәсі да, сауабы да жоқ. Сауабы жоқ деуімнің себебі: дініміз ері қайтыс болған жағдайда әйелі басқаға тұрмысқа шықпасын деп кеңес етпеген. Риуаяттарға қарағанда, Үмму Мүббәшир есімді бір әйел Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Мен күйеуіме одан кейін ешкіммен үйленбеймін» деп (өзіме) шарт қойдым», - деп айтады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Негізінде бұл жарамайды», - дейді[1].

Аталмыш хадистен мынадай екі үкімді ұғынуға болады:

  1. Неке қияр кезде ері тарапынан немесе әйелі тарапынан «менен кейін ешкімге үйленбейсің» деп шарт қойылатын болса, ол шарт назарға алынбайды. Неке дұрыс.
  2. Әйелдің бірінші күйеуінен соң «ешкімге тұрмысқа шықпаймын» деп ант етуі немесе уәде беруі діннің бұйрығы емес. Қайта лайықты кісі кездесіп жатса, тұрмысқа шығып, шаңырақ көтеруі ұнамды іс.

Қорыта айтқанда, берген уәдеңіз бойынша тұрмысқа мүлдем шықпаймын десеңіз өз еркіңіз. Әйтсе де, мархұм еріңізге берген уәдеңізді бұзып, лайықты жанға екінші рет тұрмыс құрып жатсаңыз, оның да күнәсі жоқ. Қайта үйлену – сауапты іс. 


[1] Имам Табарани. Сахаба Жәбірден риуаят етілген.

Абдусамат Қасым