Неке куәгерлігінің қандай шарттары бар?
Неке куәгерлігінің қандай шарттары бар?
3 жыл бұрын 1826

Неке куәгері болатын ер кісіге қандай шарттар керек және арапша айтылатын сөздерді жазып жіберсеңіздер екен? Әлібек Тінейқұлов.

Шариғат бойынша некенің басты шарттарының бірі – екі ер кісі немесе бір ер екі әйелдің куәгер болуы. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисінде: «Неке тек қамқоршысы және екі мұсылман (ъадл) куәгердің көзінше дұрыс болады...»[1], – делінген. Тағы бір хадисінде: «Куәгерсіз неке қиғандар олар – зинашылар»[2], – дейді.

Ал, «екі ер кісі немесе бір ер екі әйел куәгердің болуы» дегенге дәлел келтірер болсақ, Құран Кәрімде былай делінген: «...Екі ер кісіні куәгер етіңдер. Егер еркек табылмаса, онда куәгер ретінде өздерің қалаған бip еркек, екi әйел де болады...»[3].

Ханафи мәзхабы бойынша неке куәгерлерінің шарттары төмендегідей:

1.Күәгерлердің мұсылман болулары. Егер үйленетін қыз да, ұл да мұсылман болса, куәгерлер де мұсылман болулары шарт. Ал, егер қыз өзге діннен (христиан не яһуди) болса, куәгерлердің де осы діннен болуларының ағаттығы жоқ[4].   

2.Ақыл-естері дұрыс және балиғат жастан асуы.

3.Есту және түсіну қабілетіне куәгерлердің екеуі бірдей ие болулары керек. Бірі керең екіншісі еститін болса да бұлардың күәліктері жарамсыз.

Сондай-ақ, куәгерлер неке қиюшы екі жастың сөздерін естіп, олардың сөздерін түсінетін кісілер болулары керек. Өйткені, сөздерін естімесе немесе түсінбесе куәгерлік етудің пайдасы шамалы.

Есту және түсіну қабілеті бар мылқаулардың да күәгерлігі некеге жарамды[5].

Егер үйленетін екі жас мылқау болса, неке куәгерлері мылқаулардың тілін түсінетін болулары ләзім.

4.Екі жастың үйленуге деген келісімдерін  күәгерлердің екеуі де естіген болуы керек. Жігіттің келісімін естіп, қыздың келісімін естімей қалса немесе күәгердің бірі естіп екіншісі естімей қалса еткен күәгерліктері жарамсыз.[6]  

5.Неке куәгерінің намаз оқып, ораза ұстайтын жан болуы шарт емес. Елімізде Аллаға сеніп, Мұхаммедті (с.ғ.с.) пайғамбар деп білетін, бірақ намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын қандастарымыз бар. Ондайлардың куәгерлігі жарамды.[7] 

[1]Даруқутни, китабун Никах.
[2]Тирмизи, Китабун никах – №1103 хадис.
[3]Бақара сүресі – 282 аят.
[4]Ихтияр – 3/42 бет.
[5]Жәуһәратун нира – 655 бет.
[6]Жәуһәратун нира – 655 бет.
[7]Ихтияр – 3/41 бет; Себебі Ханафи мәзһабы бойынша мұсылман, бірақ намаз оқу, ораза ұстау сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны үшін күнәхар саналатын жанның да куәліктері некеге жарамды. 

 
Абдусамат Қасым