Мәһр беруге міндеттімін бе?
Мәһр беруге міндеттімін бе?
10 жыл бұрын 65960

Ассәләмуалейкум ағалар! Менің сіздерге қояр бірнеше сұрағым бар. 1. Некеде мәһр беру шарт па? 2. Мәһр өтемінің құны ақшаға шаққанда қанша теңгені құрау керек? 3. Оны қай уақытқа дейін беру керек? 4. Мәһрге ақшадан басқа не жатады? Алдын ала рахмет!

Уәғалейкум әссәләм!

Ханафи мәзһабы бойынша, неке қию кезінде ер жігіт өзінің некелесіп отырған жарына мәһр беруге міндетті[1].

Мәһрдің мөлшеріне келер болсақ, ханафи мәзһабы бойынша, ең аз дегенде он күміс дирхам болуы керек. Бір дирхамның салмағы шамамен 3-3,5 грамм болса, мәһр ретінде берілетін күмістің мөлшері ең азы 30-35 грамм болуы қажет. Күмістей беру шарт емес. Сондықтан да, қыз келіссе, ең аз 30-35 грамм күміске тең келетін ақшалай не заттай сыйлық берсеңіз де болады[2].

Мәһр неке қию барысында берілетін болса, мұны шариғатта «мәһр муғажжаль», яғни дер кезінде берілген мәһр деп атайды. Ал екеуара келісіп, мәһр беруді кейінге қалдырса, мұны «мәһр му-әжжаль», яғни уақыты созылған мәһр дейді. Ерлі-зайыптылар мәһрдің берілетін уақытын нақты белгілесе, сол келісілген күні берілуі тиіс.

Кейде ерлі-зайыптылар мәһрдің нақты уақытын белгілемей, әйелі ерімен «әйтеуір өмірде бір берерсің» деп келісетін кездерде кездеседі. Шариғатымыз оған да рұқсат береді. Бірақ, бұның уақыты, ерлі-зайыптылардың ажырасуымен немесе біреуінің дүниеден озуымен шектеулі. Яғни, ажырасқан күні, мәһрді беру еріне міндет, ал күйеуі бақилық болған жағдайда, мәһр ерінің артында қалған дүниесінен алынады.

Ақшадан басқа, үй, автокөлік, киім-кешек т.б. осы секілді дүние-мүліктер мәһр қатарына жатады. Келісілген мәһрдің мөлшерін азайту яки келісілген мәһрден түбегейлі бас тарту қыздың өз ықтиярында[3]. (Осы тұрғыда ң хайырлы әйел – мәһрі жеңіл болған әйел" деген хадис негізінде, мұсылман әйел кісілердің мәһрлерін шарықтатпағандары абзал, әсіресе қалыңмал беру салты сақталған біздің қоғамда мәһрін аз сұрап, болашақ жарына жеңілдік танытқаны жақсы).


[1] Бәдруддин Айни альХанафи, Әль-Биная – 131 бет, 5 том. Құранда "Ниса" сүресінде: «...Бұлардан өзгелерді нәпсі әуестік жолмен емес, мал (дүние) беріп алуларыңа рұқсат..» - делінген.
[2] Маусули, әл-Ихтияр – 89 бет, 3 том.
[3] Юсуф бин Ахмед, Жамигул әсилатиль фикхия аля мәзхабиль ханафия/Китабун Никах.

Абдусамат Қасым