Күйеуім намаз оқымайды, некеміз бұзыла ма?
Күйеуім намаз оқымайды, некеміз бұзыла ма?
4 жыл бұрын 7789

Әссәләмуғалейкум! Намаз оқымайтын әйел мен намаз оқитын еркек бірге болса, шошқамен біге болғанман тең деген хадис бар ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кетелік, намаз оқитын әйел кісі өзіне жар таңдар кезде, болашақ жарының да өзі секілді намаз оқушы, дінге мойынсұнған адам болғандығына мән бергені жөн.  

Ендігі жерде, күйеуі намаз оқымай, зайыбы намазға жығылған болса, некелері дұрыс па?

Бұған жауап ретінде айтарымыз, егер күйеуі намазды ерінгеннен немесе басқа да себептермен оқымай, бірақ намаз оқудың парыздығына сеніп, намаз оқымаудың күнә екендігіне нанса, ол намаз оқымағаны үшін күнәһар мұсылман саналады, бірақ кәпір емес. Күнәһар мұсылманның некесі бұзылмайды. Әйтсе де, орайы келгенде намаз оқудың маңыздылығын күйеуіне айтып, түсіндіріп, оның намазға жығылуына септігін тігізу жөнін де қаперде сақтаған жөн. 

Ал, «әйелі намаз оқымаса немесе керісінше күйеуі намаз оқымаса, онымен бірге тұру - доңызбен бірге тұрғанмен тең» деген сөз негізсіз. Ондай хадис кездеспеген. Дінімізде, кітап иелерінен қыз алуға рұқсат етілгендігі мәлім. Кітап иелері намаз оқымайтындығы белгілі. Егер дінімізде сіз айтқандай болса, онда шариғатымыз намаз оқымайтын христиан дініндегі қызды алуға рұқсат етпес еді. 

Ескерту: намаз оқу - әрбір ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылманға парыз. Намаз оқымау - ауыр күнә. О дүниеде сұрауы ауыр. 

Абдусамат Қасым