Жеңіл жүрісті болған қызды жар ретінде алсам бола ма?
Жеңіл жүрісті болған қызды жар ретінде алсам бола ма?
11 ай бұрын 4432

Әссәләмуғалейкум! Бір қызбен үйленгім келеді. Бірақ ол екі жыл бойы жеңіл жүрісті болған! Анон.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егер, тәубеге келіп, арсыз жүрістен тыйылған болса, осылайша Аллаға бой ұсынып, дұрыс жолға бет бұрса, онымен үйленудің діни тұрғыда ағаттығы жоқ. Тәубеге келген әйелге қатысты сахаба Абдулла ибн Аббастан сұралғанда: «Онымен үйленудің ағаттық жоқ» деп жауап берген[1].

Ал, тәубе етпеген болса, ондай қызбен мүмін-мұсылман жігіттің үйленуі күнә. Құран Кәрімде былай делінген: «Зинақор еркек, тек зинақор немесе пұтперес әйелге үйленеді. Зинақор әйел де тек зинақор немесе пұтқа табынушы еркекке тұрмысқа шығады. Ол нәрсе Аллаға иман еткен кісілерге - харам етілді»[2].  

Имам Ахмәдтің (р.а.) хадис кітабында келтірген риуаятта бір мұсылман кісі Пайғамбарымызға келіп, «Үммү Мәһзул» есімді жеңіл жүрісті болған әйелмен үйленуге рұқсат сұрайды. Әйел онымен үйленген жағдайда материалды тұрғыда қамтамасыз ететінін уәде еткен екен. Сонда Пайғамбарымыз: «Зинақор әйел, тек зинақор немесе пұтперес еркекке тұрмысқа шығады» деп, некелесулерін құптамайтындығын ұқтырады[3].


[1] Ибн Кәсир: Нұр сүресі, 4 аят тәпсірі.
[2] Нұр сүресі, 4 аят.
[3] Ахмед ибн Ханбәл: Мүснәд - №6444 хадис.

Абдусамат Қасым