Исламда христиан, яһуди т.б. діндегілердің некелері санала ма?
Исламда христиан, яһуди т.б. діндегілердің некелері санала ма?
20 күн бұрын 979

Ассаламу алейкум! Менің сұрағым, некеге қатысты еді. Мысалы, біз мұсылмандарда неке бар, яғни никенің бәрі діни, шариғат заңының жолымен. Енді басқа діндер бар емес пе, христиандар, еврейлер, мысалы, олардың діндері дұрыс еместігін Алла Құранда айтқан. Енді діндері дұрыс болмаса,  некелері де дұрыс емес пе? Яғни зина болып саналама олардікі, әлде діндері дұрыс болмаса да некелері өздерінің арасында екі тараптың разылығымен, әрі өздерінің діни заңдарына сай қиғаны үшін дұрыс санала ма? Кәрім Расулбеков

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Кәпірлердің некелері өз араларында «сахих» үкімінде» дейді Ханафи ғұламасы Имам  Сәрахси рахимаһуллаһ[1]. Яғни, христиан болсын, мүшрік болсын, өз сенімдеріне сай қиған некелері саналады. Сол некелеріне сай екеуі ерлі-зайыпты болып есептелінеді. Осыған орай, нәпақа, мәһр, талақ, балаларының тегі, иддәт мезгілін күту, зиһар, илә талағы деген сияқты үкімдер оларға да қатысты болмақ.

Құран Кәрімде Әбу Ләһәб мүшрік бола тұра әйелі оған тиесілі етіліп тілге алынған: «Оның әйелі отын көтеріп кіреді (тозаққа)»[2], - делінеді аятта. Осының өзі, өзге діндегілердің некелерін Ислам шариғатында заңды деп танылатындығын көрсетеді.  

Ибн Нүжейм (рахматуллаһ алейһ) кәпірлердің некелерін үшке бөледі:

1. Мұсылмандық неке шарттарына сәйкес неке. Мұндай жағдайда, кәпірлердің некелерін «дұрыс» деп санау уәжіп. Мысалы, араларында туыстығы жоқ екі жастың өз еріктерімен, куәгерлердің алдында некелескендері сияқты. 

2. Мұсылмандық неке шарттарының бірі, не бірнешеуі табылмаған неке. Мысалы, куәгерсіз қиылған болса немесе басқа бір кәпірден ажырасқан әйелді иддәт мезгілі бітпей өзіне әйелдікке алған болса т.б. Мұндай неке, егер неке қиюшылардың сенімдерінше "дұрыс" деп табылса, Ислами тұрғыда да олар хақында дұрыс деп есептелінеді. Алда-жалда екеуі мұсылмандықты қабылдап жатса, некелерін жаңартпай, сол бұрынғы некелерінде қала береді. Пайғамбарымыздың заманында көптеген ерлі-зайыптылар Ислам дінін қабылдап мұсылманшылыққа өтіп жатты. Алла елшісі олардың ешқайсысына некелерін жаңартуды бұйырмаған.

3. Ислам діні бойынша үйленулері харам саналатын әйел мен еркектің некелері. Мысалы, отқа табынушы мәжусилердің өз қарындастарымен үйленулері сияқты немесе бесінші әйелмен қиған некесі, яки екі апалы-сіңіліні бір некеде ұстауы т.б. Ханафи ғалымдардың біразы ондай некені олар хақында «дұрыс» деп санаса да, ғалымдардың көпшілігі ондай некені «фәсид», яғни «бұзылған неке» деп есептеген[3]. Қалай болғанда да, мұндай некеге мұсылман қазының қарсы шығуына құқы жоқ, қашан өздері қазыға арыз тастамайынша немесе мұсылман болмайынша. Мұсылмандар өзге діндегілердің діни жол-жоралғыларына араласпауға бұйырылған. Қашан екеуі бірдей қазыға арыз тастаса немесе екеуінің бірі мұсылман болса, қазы екеуінің арасын шариғатқа сай ажыратады. Оған дейін Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің тұжырымдары бойынша, некелері саналып, екеуі ерлі-зайыпты ретінде есептеле бермек, ешкім екеуін ажыратпайды. Сахабалар кезінде мұсылмандар Парсы жерін жаулап алған кездерінде жергілікті халықтың некелеріне тиіспеген еді. Имам Әбу Юсуф болса, некенің бұл үшінші түрінде, егер мұсылман қазы (сот) ондай некенің барын білсе, араларын ажыратуға тиіс[4].  


[1] Имам Сарахси: әл-Мәбсүт. 4 том / 264 бет.
[2] Тәббәт сүресі.
[3] Ибн Нүжейм: әл-Бахрур Раиқ. 3/360 бет.
[4] Имам Кәсәни: Бәдәиъу ас-Санаиъу. 3/562 бет.

Абдусамат Қасым