«Иддәт мезгілі» бітпей қиылған неке не болмақ?
«Иддәт мезгілі» бітпей қиылған неке не болмақ?
3 жыл бұрын 1866

Әссаламу ғалайкум.! Әуелгі куйеуден талақ болғаннан соң, иддәт мерзiмiн күтпей екінші күйеумен неке қиюына бола ма?  Ол адам иддәттің бар екенiн бiлмей қиған болса, оған күнә бола ма?  Енді қазiргi некелерi адал неке ме? Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз! А. Күнқожа.

Уағалейкумәссалам!

Күйеуінен ажырасқан әйел өзге ерге тұрмысқа шықпай түрып, белгілі бір мерзім күтеді. Бұны шариғатта «иддәт» дейді. Ажырасқан әйел өзге ерге тұрмысқа шықпастан бұрын, егер аяғы ауыр болмаса, үш етеккір уақыт күтуі керек[1]. Бұл - Алланың бұйрығы. Құранда былай делінген:

  • «Ажырасқаннан кейін әйелдер үш етеккір уақыт күтеді...»[2]

Ал, аяғы ауыр күйінде ажырасқан әйелдің күту мерзімі – босанғанға дейін[3].  Бұл жайында да Құранда былай бұйырады:

  • «Ал және жүкті әйелдердің мерзімдері олар босанғанға дейін...»[4]

 Иддәт мерзімін күтпей өзге еркекпен некелесу – харам. Өйткені, Құранда:

  • «Иддәт мерзімі толмайынша неке туралы ойламаңдар...», – деп қатаң ескертеді.[5]

Сондықтан да, иддәт мезгілін күтпей өзге еркекпен үйленген болса, ол неке «фасид неке» қатарына жатады. Яғни, қиылған неке шариғат тұрғысынан неке болып саналмайды. Арадағы ерлі-зайыптылық ара-қатынастарын міндетті түрде үзулері парыз[6].  Мұндай әрекетке білмей барған кісілерге күнә болмас деген үміттеміз, Алла білмегендерді кешіреді. Ал, біле тұра ондай  әрекетке бару күнә.

Бұдан кейін  не істеуге болады? Қайта қосылуларына шариғи тұрғыдан рұқсат бар ма?

Екеуінің адал некемен қосылулары үшін, Ханафи және Ханбали мәзһабтары бойынша, жігітпен арақатынасы үзілген күннен бастап,  әуелгі талақтың иддәтін күтеді. Артынша, «фасид некенің» иддәтін күтеді. Осылайша екі иддәт мерзімін күтіп барып, әлгі жігітпен қайта некелесіп үйленеді. Шафиғи мәзһабы бойынша тек «фасид некенің» иддәтін күтсе болғаны[7].

[1]Айта кететін маңызды нәрсе:Кейде мүлдем қатынас болмай талақ айтуы да мүмкін. Мұндай жағдайда, иддет мерзімін күтпейді.
[2]Бақара – №228 аят.
[3]Әл-Ихтияр –250,251 бет.
[4]Талақ – №4 аят.
[5]Бақара – №235 аят. Бірақ  «қайтару құқы» толығымен жойылмаған өз ерімен қайта татуласқысы келсе, иддет мерзімін күтпейді.
[6]Абдулуәһһаб Хилаф: «әхкәму әхуалиш шахсия», 39 бет.
[7]Ибн Рушд «Бидаятул Мүжтәһид», 431 бет. (Дару ибни әл-Хазм) Бәйрут, 2006ж.; http://fatwa.islamweb.net/Fatwa/index. 

Абдусамат Қасым