Сәләфилер бесін намазының төрт рәкәғат сүннетін екі рәкәғаттан бөліп оқиды. Оны төртеу етіп бөлмей оқуға дәлел бар ма?
Сәләфилер бесін намазының төрт рәкәғат сүннетін екі рәкәғаттан бөліп оқиды. Оны төртеу етіп бөлмей оқуға дәлел бар ма?
7 жыл бұрын 10419

Әссәләмуғалейкум! Сұрақ: Бесіннен алдын 4 рәкәғат сүннет намазы бар. Уахабистер екіден бөліп оқиды. Бір бір сәлеммен төрт рәкәғат етіп оқимыз. Сол бір сәлеммен төрт рәкәғат оқуымыздың дәлелі қандай, білгіміз келеді. Қандай кітаптан алғаныңызды жазсаңыз! Сәрсен.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әзіреті Әли (р.а.): "Пайғамбарымыз бесін намазының алдында төрт рәкәғат, соңында екі рәкәғат оқитын", - деген[1].

Сахаба Әбу Аюб әл-Ансаридан риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.у.) үнемі күн тас төбеден ауа бастағанда төрт рәкәғат (сүннет) намаз оқитын. Сонда Әбу Аюб Пайғамбарымыздан (с.а.у.):

- Уа, РасулалЛа! Жаңағы қандай намаз?» - деп сұрады.

- Күн ауа бастағаннан кейін аспан есіктері ашылып, бесін намазы оқылып болғанша жабылмайды. Аспан есіктері жабылмай тұрып, сол есіктерден мен үшін жақсылық (сауапты іс) көтерілгенін қалаймын», - деп жауап береді.

- Уа, Расулаллаһ! Барлық рәкәғаттарында қырағат етіле ме?

- Иә.

- Ортасын сәлеммен бөлу бар ма?

- Жоқ. Тек, соңында ғана бар[2].  

Сахаба Әбу Аюбтан жеткен басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз былай деген:

«Бесіннің алдында төрт рәкәғат намаз бар. Оның арасында сәлем беру жоқ (екі бөліп, оқу жоқ). Сол төрт рәкәғат үшін аспан есіктері ашылады»[3].  

Бұнымен қатар, сахаба Абдулла ибн Мәсғудтың мына бір сөзі де оған дәлел:

«Бесіннің алдындағы төртеуді сәлеммен бөлмейді, тек, ортасында тәшәһһуд оқығаны болмаса»[4]. 

Аталмыш хадистерден байқағанымыздай бесіннің алдындағы төрт рәкәғат сүннетті екіге бөлмей, төрт рәкәғат етіп, оны бір сәлеммен аяқтау - негіз. Ал, екі рәкәғаттан екі бөліп оқу жайында нақты дәлел жоқ. Екіге бөліп оқитындар дәлел ретінде сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен мына бір хадисті көлденең тартады: «Түнгі және күндізгі намаздар екі-екіден оқылады»[5].

Алайда, бұл хадисті Ханафи ғұламалары қабыл етпеген. Себебі, деректерге қарағанда, аталмыш хадисті риуаят етуші сахаба Абдулла ибн Омардың өзі бесіннің алдыңғы төрт сүннетін екіге бөлмей төртеу етіп оқитын. Бұл жайында табиғин Нафиъ былай дейді:

«Абдулла ибн Омар күндіз намазды төрт-төрттен оқитын»[6].  

Ендігі жерде, сахабаның өзі риуаят еткен хадиске қайшы амал етуі қисынсыз. Қағида бойынша, сахаба өзі риуаят еткен хадиске теріс әрекет еткендігі анықталса, оның әлгі жеткізген хадисі қабыл етілмейді. Неге десеңіз, аталмыш сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімді жоятын одан да қуатты дәлел кездестірген болуы мүмкін[7].

Оның үстіне ол хадистің басқа нұсқаларында «күндізгі» деген сөз жоқ. Бұл сөз тек Али әл-Бәриқи есімді риуаятшыдан жеткен нұсқасында бар. Осыған орай, хадисші Имам Нәсәи: «Бұл хадисте қате бар» десе, беделді хадис ғұламасы «хадисшілердің шейхы» аталатын Яхя ибн Муъин: «Али әл-Әздиден хадис қабыл ететіндей ол кім еді? Сонда, Яхя ибн Саъид әл-Ансаридің Нафиътан жеткізген «Абдулла ибн Омар күндіз төрт рәкәғат сүннет оқығанда бөлмей оқыды» деген риуаятын тастап, Али әл-Әздидың риуаятын алайын ба?!», - деп қарсылық танытқаны кітаптарда айтылады[8]. 

Ендеше, ең дұрысы - бесіннің төрт рәкәғат сүннетін екі рәкәғаттан емес, төрт рәкәғат етіп, бөлмей оқыған абзал екен. 


[1] Тирмизи: Китабус сала - 424 хадис.
[2]Имам Байһақи: әс-Сүнәнуль Кубра - №4661; Ахмад ибн Ханбал: Мүснәд - №23579 хадис.; Муъжамут Табарани әл-Кәбир - №4031 хадис.
[3] Әбу Дәуід - №1270; Ибн Мәжә.
[4] Ибн Әби Шәйбә: әл-Мусаннаф - №5945 хадис.
[5] Имам Тирмизи: Сүнән – 597; Нисаи – 1666.
[6] Ибн Әбу Шәйба: әл-Мусаннаф - №6635 хадис.
[7] Нәхбуль Әфкәр – 5/381 бет.
[8] Тухфәтуль  Әхуәзи (тирмизидің шархы), №424 хадистің түсіндірмесі; Нәхбуль Әфкәр – 5/373 бет. 

Абдусамат Қасым