Намазда фатиха сүресі мен зам сүресінің алдында "бисмиллә" айтыла ма?
Намазда фатиха сүресі мен зам сүресінің алдында "бисмиллә" айтыла ма?
4 жыл бұрын 19653

Ханафи мәзһабы бойынша Құранда келген барлық «бисмиллә» Құран аяты болып есептеледі. Өйткені, Құран парақтарында уахи ретінде жазылғанның бәрі – аят. Мұнда талас жоқ. Демек, «бисмиллә» Құран парақтарында жазылғандықтан оны да аят деуіміз заңды. Сол себепті, ғұсылы жоқ кісі және хайыз-нифасты әйелдер бисмилләны Құран аяты ретінде оқымайды. Тек бір істі Алланың атымен бастау мақсатында немесе жәй дұға ретінде айтуларына рұқсат.

"Бисмиллә" фатиха сүресінің бір бөлігі емес

Ханафи мәзһабында «Бисмиллә» фатиха сүресінің бір бөлігі емес (Шәфиғи мәзһабында фатиханың бір аяты болып есептелінеді). Оған дәлел ретінде, Ибн Мәжәда келген бір хадисте Сахаба Әбу Һурайраның айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Алла тағала былай дейді: «Мен намазды Өзім мен құлымның арасында екі бөлімге бөлдім. Бірінші бөлімі мен үшін, екінші бөлімі пендемнің тілектері үшін... Пенде «Әлхамдулиллаһи раббиль алямин» дегенде Алла тағала: «Құлым маған шүкір айтты, оған да сұрағаны беріледі», - дейді...»[1] 

Осы хадиске қарасақ, Пайғамбарымыз фатиха сүресін «бисмилләсіз», бірден «әлхамдулиллаһи раббиль алямин» деп бастап отыр. Егер де ол фатиха сүресінің бір аяты болғанда, оны да міндетті түрде тілге алар еді. Демек, «бисмиллә» фатиха сүресінің аяттарының бірі ретінде есептелмейді. Ол өз алдына аят болғанымен, тек сүре араларын бөліп тұрушы рөлін ғана атқарады. Ешбір сүреге қатысы жоқ.

Әр рәкәғатта фатиханың алдында "бисмиллә" айтылады

Әр рәкәғатта фатихадан бұрын іштей «бисмиллә» айтылады. «Бисмилләны» фатиханың бір аяты санаған риуаятты да назарға ала отырып, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад әр фатихадан бұрын бисмилләны айту уәжіп деген[2]. Осыған орай, кей ғалымдарымыз: «Дұрысы әр рәкәғат басында фатихадан бұрын бисмилләны айту керек. Егер фатиха басында ұмытылып, айтылмай қалса намаз соңында сәһу сәждесі жасалады»,– деген[3].

Зам сүренің басында "бисмиллә" айтылмайды

Фатихадан кейін оқылатын қосымша сүренің басында «бисмилланы» айтудың қажеті жоқ. Бұл - Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуфтың (р.а.) пәтуасы бойынша. Ал, Имам Мұхаммедтің тұжырымына қарағанда, іштей оқылатын намаздарда қосымша сүренің алдында бисмилла айтылады[4].


[1] Ибн Мәжә, Китәбул Әдәб, №3784-хадис.
[2] Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 2/33-37 бет
[3] Әл-Айни, әл-Биная – 2/208 бет.
[4] Әл-Марғинани, әл-Хидая – 1/121 бет. (әл-Биная – 2/208 бет)

"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ-баспасы)