Ханафи мәзхабы бойынша намаз: Рукуғқа барғанда және рукуғтан тұрғанда қолды көтеру мәселесі
Ханафи мәзхабы бойынша намаз: Рукуғқа барғанда және рукуғтан тұрғанда қолды көтеру мәселесі
8 жыл бұрын 16575

Ханафи және Мәліки мәзхабтарында намазда қол тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі. Рукуғқа барғанда және рукуғтан тұрғанда қолды қайта көтерудің қажеті жоқ. Бұл жайында хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Мәлік (р.а.) былай дейді: «Намазда әр тәкбір айтқанда қолды көтеру дегенді білмеймін. Сәжде де болсын, рукуғ та болсын. Қол тек намаз басталғанда ғана аздап көтеріледі»[1].

Имам Бұхаридың (р.а.) «Қурратуль айнайн» атты шағын еңбегінде Бара ибн Әзіп (р.а.) есімді сахабадан мына бір хадис келтірілген:

عَنِ البَرَّاء رَضِىَ اللهُ تَعَالَى عَنهُ قال: " رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَرْفَعُ يَدَيْهِ إِذَا كَبَّرَ ثُمَّ لَمْ يَرْفَعْ "رواه البخاري "

«Пайғамбарымыз намазда алғашқы тәкбір айтқанда ғана қол көтеретін. Одан өзге уақытта қолын әлгіндей көтергенін көрмедім»[2].

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Мәсғуд жеткізген тағы бір хадисте: 

قال عَبدُ اللهِ بنُ مسعود: أَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ؟ فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا فِي أَوَّلِ مَرَّةٍ 

«Абдуллаһ ибн Масғұд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқитынын көрсетейін бе? – деп, намаз оқыды. Намазда екі қолын тек намаздың басында ғана (бір рет) көтерді» [3]. (Сахих). 

Имам әт-Тахауи өзінің «Мағанил Әсәр» атты хадис жинағында Алқамадан сахаба Абдулланың мына риуаятын келтіреді:

حدثنا ابن أبي داود، قال: ثنا نعيم بن حماد، قال: ثنا وكيع، عن سفيان، عن عاصم بن كليب، عن عبد الرحمن بن الأسود، عن علقنة، عن عبد الله، عنْ النَّبِيِّ صلى الله عليه و سلم : "أَنَّهُ كَانَ يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ , ثُمَّ لاَ يَعُودُ".

 «Пайғамбарымыз (с.а.у) намазда тек әуелгі тәкбірде қолын көтеретін де бұл қимылын қайталамайтын».[4].

Имам әт-Тахауиде келтірілген тағы бір риуаятта:

عاصِمُ بْنُ كُلَيْبٍ , عَنْ أَبِيهِ أَنَّ عَلِيًّا رضي الله عنه كَانَ يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ مِنْ الصَّلاَةِ , ثُمَّ لاَ يَرْفَعُ بَعْدُ

«Әзірет Әли намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», – делінген[5]. 

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ең жақын сахабаларының бірі Әзірет Омар да намазда бір-ақ мәрте қолын көтеретін. Оған Әсуәдтің мына сөзі дәлел:

 عَنْ الأَسْوَدِ , قَالَ : رَأَيْت عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رضي الله عنه يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ , ثُمَّ لاَ يَعُودُ , قَالَ : وَرَأَيْت إبْرَاهِيمَ , وَالشَّعْبِيَّ يَفْعَلاَنِ ذَلِكَ

 «Мен Омар ибн Хаттабты намазда қолын тек әуелгі тәкбірде көтергенін көрдім. Ибрахим де, Шағби де сөйтетін»[6] 

Сахаба Абдулла ибн Омардың намазға тұрғанда қолын алғашқы тәкбірде ғана бір-ақ мәрте көтеретіндігін Мүжәһид былайша жеткізеді: 

ثنا أبو بكر بن عياش، عن حصين، عن مجاهد قال: " صَلَّيْت خَلْفَ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنهما فَلَمْ يَكُنْ يَرْفَعُ يَدَيْهِ إلَّا فِي التَّكْبِيرَةِ الآُولَى مِنْ الصلاة. 

«Мен Ибн Омардың артында намаз оқыдым. Ол намаздың тек әуелгі тәкбірінде ғана екі қолын көтерген еді», – дейді ол[7]. 

Имам Әт-Тахауи: «Бұл хадис – сахих. Өйткені, хадис жеткізуші «рауилердің» арасында Әл-Хасан ибн Айяш деген кісі сенімді (сиқа) әрі хадис саласында беделді кісі», – дейді. 

Тағы бір хадисте:

علقمة بن وائل عن ابيه: اَنَّهُ رَأَى رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَرفَعُ يَدَيهِ حِينَ يَفتَتِحُ، وَإذا ركَعَ، وَ إذا سَجَدَ. فقال إبراهيم: ما أرَى أَبَاكَ رَأَى رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَليهِ وَسلم إلَّا ذَلِكَ اليَومَ الوَاحِدِ. فَحَفِظَ ذَلِكَ، وَ عَبدُ اللهِ لَم يَحفَظ ذَلِكَ مِنهُ؟! ثُمَّ قَالَ إبراهيمُ: إنَّمَا رَفـعُ اليَدَينِ عِندَ افتِتاَحِ الصَّلاةِ". رواه دارقطني (و هو في "مسند" أحمد و ابن حبان و هو حديث صحيح)  

Бірде Алқама ибн Уаил әкесінің сөзін риуаят етіп отырады. Әкесі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) намаздың алғашқы ифтитах тәкбірі мен қоса, рукуғ пен сәждеге барғанда да екі қолын көтергенін көрген екен. (Сол жерде мұны естіген) Ибраһим (р.а.) былай деді: «Пайғамбарымызды бір-ақ күн көрген әкең (пайғамбардың қалай намаз оқитынын) есіне сақтап, (пайғамбарымыздың қасында көп жүрген) Абдулла ибн Масғұд ұмытып кетті деп ойлайсың ба?![8] Шындығында, қол намаздың басында ғана (ифтитах тәкбірінде ғана) көтеріледі»[9] (сахих). Бұл хадис Имам әт-Тахауиде де келтірілген. 

Оры риуаяттағы Алқаманың әкесі Уәил Медине қаласында хижри 9-жылы мұсылман болған кісі. Сахаба Абдулл ибн Мәсғуд одан 22 жыл бұрын мұсылман болды. Арада 22 жыл айырмашылық бар. Енді пайғамбарымыздың намазы жайында кім көбірек біледі: Уаил ма, әлде үнемі Алла елшісінің қасында жүрген, Оның намазда қолын бір-ақ рет көтеретіндігін сахих жолмен риуаят еткен ғалым сахаба Абдулла ибн Масғуд па (радияллаһу анһума)?

Сахих Мүслімнен жеткен хадисте де сахаба Жәбир ибн Сәмура былай дейді:

عن جابر بن سمرة قال: " خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، فَقَالَ : مَالِي أَرَاكُمْ رَافِعِي أَيْدِيكُمْ كَأَنَّهَا أَذْنَابُ خَيْلٍ شُمْسٍ ؟ اسْكُنُوا فِي الصَّلَاةِ ". رواه مسلم

 «Пайғамбарымыз (с.а.у.) біз жаққа қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығына ұқсап, қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» – деді[10]. 

Сондай-ақ, Әбу Дәуіт өзінің хадистер жинағында, ондағы «рукуғта қолды көтермеу» бөлімінде Әбу һұрайрадан (р.а.) мына сахих хадисті риуаят етеді: 

عن ابي هريرة قال: " كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَخَلَ فِي الصَّلَاةِ رَفَعَ يَدَيْهِ مَدًّا ". رواه أبو داود (صحيح)

 «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазға бастағанда екі қолын бір-ақ мәрте көтеретін еді»[11] 

Сонымен, аталмыш хадистер қолды тек алғашқы тәкбірде ғана көтерудің дұрыстығын дәлелдейді.


[1]. Әбді Уәһһаб әл-Бағдади, Әт-Талқин фил фиқһи әл-Мәліки – 1/102-бет. У.Зухайли, Мәусуғатул фиқһил Исләми – 1/767-бет.
[2]. Имам Бұхари, Құрратул айнайн, №34 хадис.
[3]. Тирмизи сүнәні, «Пайғамбарымыз тек әуелгі тәкбірде қолын көтерді» деген... 191-баб – №257 хадис; Имам Ахмет мүснәді – №3551 хадис; Нәсәи – 332-бет/649-хадис. Әбу Дәуіт, Салә, 2/65 бет, 748-хадис.  (Сахих делінген).
[4]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/164-бет.
[5]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/164-бет.әл-Айни, Нүхаб: Шарху Мағанил Әсәр – 4/178-бет
[6]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/190 бет. әл-Айни шархы  . (قَالَ أبُو جَعْفَرٍ : فَهَذَا عُمَرُ رضي الله عنه لَمْ يَكُنْ يَرْفَعُ يَدَيْهِ أَيْضًا إلَّا فِي التَّكْبِيرَةِ الآُولَى فِي هَذَا الْحَدِيثِ , وَهُوَ حَدِيثٌ صَحِيحٌ)[7]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/179-бет. әл-Айни шархы.
[8]. Зайлағи, Насбұр-Риуая, 1/397-бет.
[9].Дарақұтни, 2/45-бет, №1121 хадис. 2004 ж. Бейрут. Тағлиқ   Шұғайып Арнаут.
[10]. Мүслім, 27-баб/430-хадис.
[11]. Әбу Дәуіт, Рукуғта қолды көтермеу бөлімі, №753 хадис. Сахих хадис; Нәсәи, әс-Сүнәнул-кубра – 366-баб/959-хадис.

 
"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ-баспасы