Дәлелдерімен намаз: Ниет және құбыла
Дәлелдерімен намаз: Ниет және құбыла
3 жыл бұрын 9090

 

Намазға ниет ету

Намаздың басында қай намаз оқитыныңызға іштей ниет етуіңіз шарт. Тілмен айту – мұстахаб. Жамағатпен оқитын кісі имамға ұйытынына да ниет етуі керек[1]. 

Намаз дегеніміз – құлшылық. Пенденің құдіреті күшті Құдайға еткен мінәжаты. Ал мінәжат пен құлшылықты ықыласпен орындаудың маңызы зор. Бұған іштей ниет ету арқылы қол жеткізуге болады. Сондықтан, намазға тұрған адамның іштей ниет етуі шарт[2]. 

Құран Кәрімде: وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ 

 «Оларға тек дінді Аллаға арнап, ықыласпен құлшылық ету... бұйырылды», – делінген[3]. 

Хазірет Омардың риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.):

إِنَّمَا الأعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى

 «Амалдар ниетке байланысты. Әркімнің ниетіне қарай беріледі...», – деген[4].

Осы хадистен байқағанымыздай, нақты қай намазды оқитынымызды ниетпен көкейге бекіткеніміз жөн.  Сахаба Ибн Масғұдтың (р.а.): 

عن عَبدِ اللِه بن مسعود قالَ وَحَافِظُوا عَلَى نِيَّاتِكُمْ فِي الصَّلاةِ. رواه الطَبَرَانِي فيِ الكَبِيرِ وَرِجَالُهُ رِجَالُ الصَحِيحِ

 «...Намазда ниетті жоғалтпаңдар»[5], – деген сөзі де намазда ниеттің маңызды екенін көрсетеді. 

Имамға ұйығандығына ниет ету

Имамға ұю – намазын алда тұрған имамына тапсыру деген сөз. Пайғамбарымыз бір хадисінде: 

عن جابر بن عبد الله رضى الله عنه قال: "قال رسول الله (صلى الله عليه وسلم): الإِمَامُ ضَامِنٌ ، فَمَا صَنَعَ فَاصْنَعُوا ".

 رواه الطبراني، و دارقطني في زوائد اسناده حسن

«Имам (намаздарыңа) кепіл. Ол не істесе, соны істеңдер!» – деген[6]. (Хасан) 

Тағы бір хадисте:

"الإمامُ ضَامِنٌ والمُؤَذِّنُ مُؤتَمَنٌ". رواه الطبراني رجاله موثقون

«Имам - (жамағат намазына) кепіл. Ал, азаншы - (көпшілік) сенім артқан кісі»[7].  (Табарани. Хадисті жеткізген рауилер тізбегі қуатты).

Ендеше, имамның артында тұрып, оған намазын тапсыру үшін сол әрекетіне ниет етуі шарт. Өйткені, жоғарыда келтірілген хадисте амалдардың ниетке байланысты екендігі айтылған. Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): 

عن أَبي هُرَيرَةَ، قال: قال َرسُولُ اللهِ (صلى الله عليه و سلم): " إِنَّمَا جُعِلَ الإِمَامُ لِيُؤْتَمَّ بِهِ ، فَإِذَا كَبَّرَ فَكَبِّرُوا ، وَإِذَا رَكَعَ فَارْكَعُوا  ، وَإِذَا قَرَأَ فَأَنْصِتُوا ".

«Сөзсіз имам ұю үшін керек. Егер «Аллаһу әкбар» десе, сендер де солай айтыңдар. Рүкүғқа барса, сендер де барыңдар. Ал, қашан Құран оқыса (намазда, тыңдап тұрыңдар!»[8], – деген. (Сахих)

Құбылаға бет түзеу

Үсті-басы таза, дәретті кісі намазға тұрарда жүзін құбылаға қаратады. Құбылаға бет түзеу – намаз шарттарының бірі. Құран Кәрімде: 

«Қайда (жолға) шықсаң да, жүзіңді құбылаға жаққа қарат. (Әй, мүміндер!) Қайда болсаңдар да, (намазда) жүздеріңді солай қара-тыңдар»[9], – делінген.

 1. Құбылаға жүзін қаратуға мүмкіндік болмаса[10], өзіне ыңғайлы жаққа  бет бұрады. Құранда:

«Шығыс та, батыс та, әр тарап Аллаға тән. Сондықтан, қай жаққа бет қаратсаңдар да Алланың жүзі (разылығы) сол жақта»[11], – делінген. 

2. Құбыланың қай жақта екенін білмеген кісі білетіндерден сұрауы тиіс. Егер ешкім білмесе, немесе сұрайтын адам табылмаса, өз жорамалына сүйенеді. Намаз оқып болғаннан соң дөп басып, дәл топшалай алмағаны анықталған жағдайда, қайта оқудың қажеті жоқ[12]. Ал намаздың үстінде есіне түссе, құбылаға жүзін туралап, намазын жалғастыра береді[13].

Бұған дәлел ретінде, Ибн Мәжәнің «Сүнән» кітабында келтірілген риуаятта сахаба Амир ибн Рабиғадан (р.а.) естігенін баласы Абдулла былай деп риуаят етеді: 

عن عبد الله بن عامر بن ربيعة عن أبيه قال كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي سَفَرٍ ، فَتَغَيَّمَتِ السَّمَاءُ وَأَشْكَلَتْ عَلَيْنَا الْقِبْلَةُ ، فَصَلَّيْنَا وَأَعْلَمْنَا ، فَلَمَّا طَلَعَتِ الشَّمْسُ إِذَا نَحْنُ قَدْ صَلَّيْنَا لِغَيْرِ الْقِبْلَةِ ، فَذَكَرْنَا ذَلِكَ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، فَأَنْزَلَ اللَّه : فَأَيْنَمَا تُوَلُّوا فَثَمَّ وَجْهُ اللَّهِ

«Біз Алланың елшісімен (с.а.у.) бірге сапарға шыққан едік. Аспан бұлтты болғандықтан құбыланы анықтау қиынға соқты. Бет бұрған жағымызға белгі қойып, намазымызды оқыдық. Күн шыққаннан кейін (қарасақ) құбыладан басқа жаққа қарап оқыппыз. Сол жағдайды Пайғамбарымызға айтқанымызда мына аят түсті: «Қайда бет бұрсаңдар да Алланың жүзі (разылығы) сол жақта»[14] (хасан). 

(Бұл хадистің Дарақұтни риуаят еткен нұсқасында Пайғамбарымыз: «Оқыған намаздарың үшін сауап алдыңдар», – деген).


[1]. Маусули әл-Ханафи, Ихтияр – 1/157-бет.
[2]. Илә әс-Сүннә – 2/173-бет.
[3]. «Бәйина» сүресі, 5-аят.
[4]. Бұхари, Кітаби Бұдыл Уахи; Сахих Мүслім, 3530-баб, №1907 хадис.
[5]. Табарани риуаят еткен; Илә әс-Сүннә, 2/174-бет.
[6]. әл-Хайсами, Мәжмәғуз-зауаид: Бабу әл-Имаму Дамин. (Хасан хадис); Зауаиду Сүнәни Даруқутни – 457-хадис.
[7]. әл-Хайсами – №1902 хадис; Тирмизи, Әбуәбул Әзән: №207 хадис.
[8]. Дарақұтни сүнәні, Имамға ұйиу бабы – 2/115-бет, №1243 хадис. Сахих.
[9]. «Бақара» сүресі, 150-аят.
[10]. Ұшақ немесе автобус, пойыз сияқты қоғамдық көліктерде намаз оқу қиынға соғатындықтан отырған күйі намазын оқи беруіне рұқсат. Бұл арада құбыланы іздеу шарт емес.
[11]. «Бақара» сүресі, 115-аят.
[12]. Маусули әл-Ханафи, Ихтияр, 1/154-бет.
[13]. Әбдіғани әл-Ғаними әл-Мәйдани, әл-Лүбәб – 1/64-бет.
[14]. Ибн Мажә, №1020 хадис; Дарақұтни сүнәні, Намаз бөлімі, №1064 хадис; Тирмизи сүнәні, №345 хадис.

 
 "Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ-баспасы)