Әйелдердің намаз оқу ерекшеліктері
Әйелдердің намаз оқу ерекшеліктері
8 жыл бұрын 56383

Әйел баласы мен ер кісілердің намаздарында өзгешеліктер бар. Атап айтсақ, әйелдер ер кісілер сияқты азан шақырып, қамат түсірмейді. Бет-жүзі мен білезігіне дейін қолы ашық, ал қалған жерлері жабық болады. Әйел адам үшін мешіттен гөрі үйінде намаз оқығаны абзал т.б. осы сияқты әйелдердің өзге намаздағы қимылдары олардың жаратылысы мен табиғатына сай діни үкімдермен үйлесім табатынын айта кету керек.

Әйелдердің киімі ашылып қалмасы үшін әрі дене мүшелері киім сыртынан сыртқа теуіп, көзге оттай басылып, өзгелердің назарын аудармауы үшін намаздағы іс-әрекеттерінің барынша жинақы болуы басты назарға алынған. Мысалы, тәкбірде қолды құлақ тұсына дейін көтергенде жеңі сырғып төмен түсетіндіктен білектерінің ашылып қалу қаупі бар. Сондықтан, олар қолдарын көкірек тұсына көтереді. Сонымен қатар, қолдарын көкіректеріне байлау арқылы да омырауларын қосымша көлегейлеген болады. Ендеше, ардақты Алла елшісінің (с.а.у.) «Менің намаз оқығанымдай намаз оқыңдар» деген хадисін негізге алып, әйелдер де дәл еркектер тәрізді намаз оқулары керек деп үстірт ұқпауымыз керек.  

Исламдағы төрт мәзхаб ғалымдарының берген пәтуасы бойынша әйел баласының намаздағы қимылдары еркектер сияқты еркін емес, жинақы болуы керек. Мәселен, Мәліки мәзһабында әйелдің намаздағы қимылдарының бәрі жинақылыққа негізделген.[1]

Ханбали мәзхабында да дәл солай. Ибн Құдама «әл-Муғни» атты еңбегінде әйелдің намазындағы ерекшелік жайында былай дейді:

«Намаздағы ер кісілерге қатысты үкімдер, негізінде, әйелдерге де қатысты.  Бірақ, әйел баласы рүкүғта, сәждеде өзін жинақы ұстайды. Ал, отырыста малдас құрып (мүтәраббиға) немесе сол жағына қарай жамбастай отырады».[2]

Шафиғи мәзһабында әйелдің намаз қимылдарында төрт жерде өзгешелік бар:

1. Рүкүғта бір тізесін екінші тізесіне, бір аяғын екінші аяғына тигізе тақайды. Сәждеде де екі тізесі мен екі аяғының арасын ажыратпайды. Қарны санына тиіп тұрғаны жөн.

2. Еркектер жария оқитын намазды жария, іштей оқитын намаздарды іштей оқиды. Әйелдер бөгде еркектердің жанында намаз оқитын болса, дауыстары естілмейтіндей бәсең оқиды.

3. Намаздарына кедергі келтіретін қандай да бір жағдай туғанда ер кісілер «субханаллаһ» десе, әйел адам оң қолының алақанымен сол қолының сыртынан шапалақ ұрады.

4. Намазда ерлердің әурет жері саналатын кіндік пен тізе арасы, ал, әйелдердің қолы мен бет-жүзінен өзге жерлері бүркеулі болуы тиіс.[3]

«Әссунәнуль Кубра» атты хадис жинағының авторы Шафиғи мәзһабының белді мүшесі, хадисші әл-Байһақи әйелдің намаздағы қимылдары жайында былай дейді:

«Әйелдің намаздағы қимылдарындағы өзгешілік - жинақылыққа негізделген. Әйел кісі намазда жинақылыққа ең жақын қимылды орындауға бұйырылды», – дейді[4].

Ендеше, әйел кісінің намаздағы қимылының жинақылыққа негізделетіндігі бүкіл мәзһаб ғалымдары  тарапынан мақұлданған екен.

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің намаз қимылындағы ерекшеліктер төмендегідей: 

Әйелдердің ифтитах тәкбірі

Әйел адам ифтитах тәкбірін алғанда «Аллаһу әкбар» деп, қолдарын иық тұсына дейін көтереді[5]. Имам Бухари өзінің «Қурратуль ғайнайн» атты еңбегінде Сүләймән ибн Умайрдың мына сөзін риуаят етеді:

عن عبد ربه بن سليمان بن عمير قال: رَأَيْتُ أُمَّ الدَّرْدَاءِ تَرْفَعُ يَدَيْهَا فِي الصَّلاةِ حَذْوَ مَنْكِبَيْهَا.

Ол: «Мен (сахаба Әбу Дарданың зайыбы) Умму  Дарданың намазда екі қолын иық тұсына көтергенін көрдім»,дейді.[6] 

 Әйелдің қол байлауы

Әйел кісі намазда оң алақанын сол қолының үстіне қойып, қолды көкірек тұсына байлайды. Білезіктерін ер кісілер сияқты қапсыра ұстамайды. Намаз кезінде өздерін жинақы ұстауы үшін осылай істегені абзал[7]. Табиғин Ата ибн Әби Рабах*: «Әйел кісі қиямда тұрғанда мүмкіндігінше екі қолын жинақы ұстайды», – деген[8].

Әйелдің рүкүғы мен сәждесі

Әйелдер рүкүғқа барғанда аздап иіледі. Саусақтарының арасын ашпастан тізесіне қолын қояды. Тізені аздап бүгеді. Қолдарын тізеге таямайды[9]. Ал, сәжде жасағанда білектерін жерге тигізіп, шынтақтарын өкпе тұсына тақап ұстайды. Қарны қара санына тиюі ләзім[10].

Бұл жайында Әбу Шәйба өзінің «Мұсаннаф» атты еңбегінде Әзіреті Әлидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді:

عَنِ الْحَارِثِ ، عَنْ عَلِيٍّ ، قَالَ : " إِذَا سَجَدَتِ الْمَرْأَةُ فَلْتَحْتَفِزْ وَلْتَضُمَّ فَخِذَيْهَا ". رواه ابن أبي شيبة

«Әйел баласы сәждеде жиырылып, екі санының арасын ашпай, бір-біріне тигізе тақап ұстайды»[11].

Табиғин Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәъидің[12] былай дегені риуаят етіледі:

عن إبراهيم قال إذا سَجَدَت المَرأَةُ فَلتَزِق بَطنَها بِفَخِذَيها وَ لا تَرفَعُ عَجيزَتَها وَلا تُجَافي كما يُجَافي الرَجُلُ". رواه ابن شيبة

«Әйел кісі сәжде жасайтын болса, қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын, бөксесін көтермесін және ер кісілер сияқты (екі шынтағының арасын) ашпасын»[13].

Тағы бір сөзінде Ибраһим:

عن إبراهيم قال إذا سَجَدَت المَرأَةُ فَلتَضُمّ فَخِذَيهَا وَ لتَضَع بَطنَهَا عَلَيهِمَا. رواه ابن شيبة

 «Әйел кісі сәжде жасағанда екі санын бір-біріне тигізе тақап ұстасын және қарнын қара санына тигізсін...»,[14]деген.         

Байхақидың «әс-Сүнәнүл-кубра» атты хадис жинағында Ибраһим ән-Нәхаъи былай дейді:

كانت المرأةُ تُؤمَرُ إذا سَجَدَت أن تُلزِقَ بَطنَها بِفَخِذَيها كَيلا تَرتَفِعَ عُجْزَتها ولا تُجَافي كَمَا يُجَافي الرُجُلُ. رواه البيهقي

«Әйелдер сәждеге барғанда қарнын екі санына тигізе тақап ұстасын деп әмір етілді. Бұл сәждеде бөксесі көтерілмесін деген мақсатта айтылған. Сәжде жасағанда ер кісілер сияқты екі шынтағының арасын ашпасын (деп те бұйырылды)»[15]. 

Әйел кісінің «тәшәһһуд» отырысы

Әйел кісі тәшәһһуд отырысында сол жағына жамбастай отырып, екі аяғын бүге оң жаққа шығарады[16]. Және қолдың саусақ ұштарын тізеге жақындатып, саусақ арасын ашпай, қолын санның үстіне қояды[17]. Мұндай отырыс әйел табиғатына сай келеді әрі жинақы көрінеді. Мұны «тәуәррүк отырысы» дейміз. Бұған төмендегі хадис дәлел:

Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: 

عن عبد الله بن عمر قال: قال رسول الله (صلى الله عليه و سلم): "إذا جَلَسَت المَرأةُ في الصّلاَةِ وَضَعَت فَخذَهَا عَلَى فَخذِهَا الأُخرَى وَ إذَا سَجَدَت ألَصَقَت بَطنَهَا فيِ فَخذَيهَا كَأَستَرَ مَا يَكُونُ لًهًا وً انّ اللهَ تَعَالَى يَنظُرُ إلَيهَا وَ يَقُولُ: يَا مَلائِكَتِي أُشهِدُكُم إنِّي قَد غَفَرتُ لَهَا". رواه البَيهَاقِي

«Әйел баласы намазда сол жақ аяғын оң жақ санының астына басып отырады.  Ал, сәждеде барынша жинақы көрінетіндей қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын. Алла (осылай отырып оқыған әйелге) қарап періштелеріне: «Уа, періштелерім! Куә болыңдар, мен бұл әйелдің күнәсін кешірдім», – дейді»[18].

 


[1] У.Зухайли, Маусуғатул фиқһиль Исләми – 1/769-бет.
[2] Ибн Құдама, әл-Мұғни: әл-фарқ бәйнар ражули уәл мар’әти фис сала, 1/599-бет.
[3] У.Зухайли, Маусуғатул фиқһиль Исләми – 1/777-779 бет.
[4] Мұстафа әл-Ғадуи, Жамиғул Ахқамун Ниса – 1/376-бет.
[5] Ибн Ғабидин: Раддул мухтар – 3/345 бет. Дамаск-Сирия, 2000ж.
[6] Имам Бұхари «Қурратуль айнайн» №23 хадис.
[7] Тәхәнәуи, Илә’әссүннә – 2/199 бет; әл-Айни, Биная; әл-Шарнабәләли, Нурул изах
* Бұл кісі хазіреті Айша, Әбу Хұрайра, Абдулла ибн Аббас сынды көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен кісі. Мекке ғалымы.
[8] Ибн Әби Шәйбә, Мұсаннаф.
[9] Ибн Ғабидин: Раддул мухтар – 3/345 бет. Дамаск-Сирия, 2000ж.
[10] Бадайғ – 1/62 бет; Бадруддин Айни, әл-Биная – 2/249-бет.
[11] وتحتفز أي تحمل بطنها على فخذيها Ибн Әби Шәйбә – 1/241 бет, №2777-хадис.
[12] Ибраһим ибн Язид ән-Нәхәғи, Ирак өңірінің ғұлама фиқһшысы әрі хадисте «сиқа/сенімді», оның риуаят еткен хадистерін Нәсәий, Әбу Дәуіт, Даруқутни сынды ғұламалар өз хадис жинақтарына енгізген, ол балалық шағында Айша анамыздың (р.а.) көзін көрген кісі.
[13] Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242-бет, 2782
[14] Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242-бет, 2779
[15] Байхақи әс-Сүнәнүл-күбра – 2/314-бет.
[16] Убайдулла ибн Масъуд әл-Махбуби: ән-Нуқоя «сүнәнус сала».
[17] Ибн Ғабидин: Раддул мухтар – 3/345 бет. Дамаск-Сирия, 2000ж.
[18] Бәйһақи, әс-сүнәнул кубра, 2/315-бет, №3199 хадис.

"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ-баспасы)