Сынық ыдыспен ас ішуге байланысты шариғатта не делінген?
Сынық ыдыспен ас ішуге байланысты шариғатта не делінген?
7 жыл бұрын 38336

Әссәләмуғалейкум! Сынған ыдыстан ас ішу жөнінде шариғатымыз не дейді? Асмат Жарқынбеков

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Сахих Хадистерге қарағанда Пайғамбарымыздың (с.а.у) сынық ыдыстан ас ішкендігі айтылады. Сахаба Әнәс ибн Мәликтен жеткен риуаятта, Алла елшісіне жұбайларының бірі ағаш ыдыспен ас беріп жібереді. Ыдыс асты алып келген қызметшінің қолынан түсіп кетіп, екіге бөлініп қалады. Сонда пайғамбарымыз ыдыстың екі бөлігін біріктіріп, ішіне асты салады да: «Жеңдер» деп айтады. Қасындағылар жейді. Одан соң иесіне сынық ыдыстың орнына бүтінін беріп жібереді[1].

Осы хадиске қарағанда сынық ыдыстан тамақ жеудің ағаттығы жоқ.  

Бұнымен қатар, шеті ұшқан кесенің жырық жерінен сусын ішуден тыйған хадис те бар. Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден (р.а.) жеткен бұл хадисте былай делінеді: «Алла елшісі кесенің жырық жерінен ішуден әрі ішетін нәрсесіне үрлеуден тыйды»[2].

Өйткені, кесенің ойық жері дұрыс жуылмай, сол жерінде шоғырланған түрлі микробтар ішкен адамның асқазанына түсуі мүмкін. Сондай-ақ, сынған шеті ерінді жырып кетуі де ғажап емес. Міне осы сияқты келеңсіздіктер себепті Алла елшісі тыйған болса керек.

Ендігі жерде, бірінші хадис тамақ жеуге қатысты айтылып отыр. Сынық табақтан тамақ жеген адам қасықпен немесе қолмен алып жейді. Тікелей сынық жерін аузына апармайды. Сол себепті, алғашқы хадисте Пайғамбарымыз рұқсат еткен.  

Екінші хадис болса, сусын ішуге қатысты. Сусын ішкенде көбіне ыдысты тікелей ауызға апарып ішіп жатамыз. Сондықтан да, Алла елшісі кесенің жырық жерінен ішуді тыйып отыр. Әйтсе де, жырық емес шетінен ішудің ағаттығы болмас.

Тоқ етерін айтқанда: шариғатта сынық ыдыспен ас ішудің күнәсі жоқ. Дегенмен, бүтін ыдысты пайдаланған абзал. Әсіресе, келген қонақтарға, үлкен кісілерге асты сынбаған табаққа салып, сусынды шеті ұшпаған кесеге құйып берген жақсы.


[1] Сахих Бухари. Фатхуль Бари - №2349 хадис; Ахмад ибн Ханбәл: Мүснәд; Имам Тирмизи: Сүнән.
[2] Әбу Дәуід: Сүнән - №3722 хадис.; Бұл хадисті «әлсіз» дегендер болса да, Ибн Хаббан сахих деген. Имам Суюти «хасан» деп баға берген. 

Абдусамат Қасым