Шошқа етінің харам екендігі Библияда жазылған ба?
Шошқа етінің харам екендігі Библияда жазылған ба?
4 жыл бұрын 9500

Ассаләмуғалейкум! Автор менде бір сұрақ болып тұр. Орыстар шошқа етін жейді. Құдай жолында жүргендері де, яғни, діндарлары да жейді. Оларда библия бар. Сол библияда шошқа еті харам екені жазылған ба? Мұрат.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қасиетті Құран Кәрімнің төрт жерінде доңыз етінің харам екендігі айтылған. Олар:

  • «Бақара» сүресі, 173 аят.
  • «Маида» сүресі, 3 аят.
  • «Әнғам» сүресі, 145 аят.
  • «Нәхл» сүресі, 115 аят.

Христиан дінінде қасиет тұтылатын Библия кітабында да доңыз етінің арам екендігін білдірген сөйлемдерді кездестіруге болады. Атап айтқанда:

  • «Левит», 11 тарау, 7-8 шумақ: «Ал шошқа тұяғы екіге бөлінген, ашатұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды, сондықтан да сендер үшін арам. Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды. Ондайлар сендер үшін арам».
  • «Второзаконие», 14 тарау, 8 шумақ: «Ал шошқа аша тұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды. Сондықтан ол да сендер үшін арам. Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды».
  • «Ишая», 65 тарау, 4-5 шумақ: «Олар қабір бастарында отырып, құпия жерлерде түнеп, аруақтарға сиынады. Сонымен қатар шошқа етін жеп[1], оның жиренішті сорпаларын ыдыстарына құйып: «Тоқта, маған жақындама! Мен әулие адаммын», деп менменсиді. Мұндай адамдар Мен үшін ащы түтін әрі күн ұзағына бықсып жанған от сияқты жеркенішті».

Медициналық тұрғыда да шошқа еті лас, етінде адамға зиянды түрлі паразиттер кездесетіндігі анықталған. Ондағы паразиттердің ішіндегі адамға ең қауіптісі «солитер» атты паразит. Ол ішектерде жасырынып, ұзақ уақыт бойы өзін білдірмеуі мүмкін. Оның жұмыртқалары қанға түсіп, дененің бүкіл органдарына жайылып, олардың істен шығуына әкеп соғуы мүмкін. Егер ол жүрекке түссе, жүрек талмасына әкеп соғады, ал егер көзге түссе көзді көр етеді, бауырға түссе, бауырдың істен шығуына әкелуі мүмкін т.б.

Доңыз етінің жетпіске жуық әртүрлі сырқаттарды тудыратындығы айтылған.


[1] Бұл шұмақтың орысша нұсқасында «ест свиное мясо, и мерзкое варево...» делінген. Қазақша нұсқаларында «арам ет жеп...» деп келтірілген.

Абдусамат Қасым