Шоқпармен ұрып алған аңның еті адал ма?
Шоқпармен ұрып алған аңның еті адал ма?
10 жыл бұрын 2683

Ассалаумағалейкум! Аңға шыққанда «бісмілләні» айтып шоқпармен ұрып алған аңды жеуге бола ма?

Уағалейкумуссалам! Жалпы алғанда малдың етін жеу үшін «бисмиллаһи Аллаһу әкбәр» деп бауыздау шарт. Кейде аңшылықта дер кезінде бауыздау мүмкін болмай жатады. Бұл жағдайда жарақаттанып қан ағуы бауыздалғанға есеп[1]. Ендеше, аңға жарақаттайтын ит сияқты азулы хайуанды қосып, бүркіт секілді тырнақты құсты салудың[2] немесе мылтық, садақ сияқты қаруды қолданудың маңыздылығы осында[3]. Ал ауыр тас, шоқпар іспетті тиген жерін сындырғанымен, терісін тесіп қансыратпайтын заттармен ұрып өлтірген аңды жеуге болмайды[4]. Өйткені, мұны Құранда арам өлгендердің есебінде санаған[5]. Бұл жағдайда жаны шықпай тұрып бауыздап үлгеруіңіз керек. Сонда ғана оның етін жеуге болады.

Мынаны да ескергеніңіз жөн болар, аңға ит не бүркітті салғанда, болмаса мылтықтың шүріппесін басқанда «бисмилләһи Аллаһу әкбар» сөзін айту керек. Сондай-ақ үлгерсеңіз олжалы аңды өлмей тұрып бауыздап алған дұрыс. Ал сіз келем дегенше өліп қалса еті – халал. Өйткені жарақатынан аққан қан бауыздалғанға есеп.


[1] Ихтияр – 4/213 бет.;

  Лубаб – 3/220 бет 

[2] Мәида сүресі – 4 аят.

[3] У.Зухайли, Фатауа Муғасыра -  247 бет.

[4] Ихтияр – 4/222 бет.

[5]Мәида сүресі – 3 аят.

 

Абдусамат Қасым