Шариғат бойынша кофе ішуге бола ма?
Шариғат бойынша кофе ішуге бола ма?
4 жыл бұрын 7105

Әссәләмуғалейкум! Шариғатта кофе ішуге бола ма? Кәмшат.

Уағалейкумәссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кофе сусынының о баста мұсылман араб елдерінде пайда болғандығын айтпай кетуге болмас. Алғашында Эфиопия жерінде өсетін кофе ағашы, кейіннен араб жарты аралына тасымалданып, одан кофе сусыны шығарыла бастады. XVI ғасырдың аяқ жағында кофе дәндері араб жерінен, европалық саудагерлер арқылы батыс еліне әкеліне бастады.

Ал, «кофе» атауы арабшадағы «Қаһ’уә-قَهْوَة» сөзінің өзгертілген нұсқасы. Араб тіліндегі түпкі мағынасы «тәбетін қашыру» дегенді білдіреді. Кофені ішкен адамда аздап тоқтық сезілетіндіктен әлгіндей атау берілген болуы мүмкін дейді тіл мамандары. Түбірі - «قَهْىٌ - Қаһ’юн».

Кофе ішудің шариғи үкіміне келер болсақ, деректерге қарағанда, аталмыш сусынның мұсылмандар арасында пайда бола бастаған кезеңдерде оған байланысты ғалымдар екі ұдай пікір білдірді. Алайда, уақыт өте келе дін ғалымдары оның халалдығына қатысты ортақ пікірге келген. Бүгінде кофенің жаппай көзге батарлық залалдығы байқалмағандықтан, қазіргі таңдағы дін мамандары тарапынан да оған қатысты айтылған негативті тұжырым кездестірмедік.

Дегенмен, дәрігерлер күнделікті 1-2 шыны (чашка) дозадан көп ішпеуге кеңес етеді. Шамадан тыс ішкен жағдайда адамның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, кейбір келеңсіз күйлердің туындауына алып келеді екен. Мысалы: депрессия, тітіркенгіштік, қызбалық т.б.   

Ендеше, кофе сүйер қауымға айтарымыз: әр нәрседе орта жолды ұстануды үйрететін Пайғамбарымыздың бұл тәлімін, аталмыш сусынды ішерде де ұмытпау керек. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Абдусамат Қасым