Сақал жайында ғалымдар не деген?
Сақал жайында ғалымдар не деген?
10 жыл бұрын 45656

Әссәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, сақал мәселесі Әбу Ханифа мәзхабында сүннет амал екенін білеміз. Ал қалған үш мәзхабта сақалдың үкімі қандай екенін айтып жіберсеңіздер! Рахмет.  Ержігіт Дайрабек. 

Уағалейкумуссәләм!

Ханафи ғалымдары бойынша сақалдың бір тұтам ұзындықта болуы – сүннет[1]. «Бір тұтамнан артығын алу керек, одан артығын алмау күнә» дейтін ханафи ғалымдары да бар[2]. Ал одан қысқа етіп алу немесе мүлдем қырып тастауды үндістандық яһудилер мен мәжусилердің ісі деп, дұрыс саналмаған[3].

Мәлики мәзхабында сақал қою – уәжіп. Оны қырып тастау – харам. Алайда халық арасында әдетке айналған мөлшерден тым ұзарып өсіп жатса, онда оны қысқартуға болады. Түр-әлпетті әдемі көрсететіндей жарасымды етіп қысқарту керек[4].

Шәфиғи мәзхабында  Имам ән-Нәуәуи, Имам әр-Рафиғи, Қазы Айяз сынды беделді ғұламалар сақалды қыру – мәкруһ (ұнамсыз) әрекет, бірақ харам емес деген. Шәфиғи мәзхабында ең дұрыс деп қабыл етілген пәтуә да осы[5].

Біздің ғасырда өмір сүрген дін мамандарының сақалға қатысты білдірген тұжырымдарын үшке бөлсек болады:

1. Сақал қою ‒ уәжіп. Оны қыру – харам.

2. Сақалды қырмай, өсіру пайғамбарымыздың сүннеті. Ол адамның табиғи қажеттілігі болып есептелетін ұнамды әрекет. Сақалды қыру – мәкруһ (ұнамсыз әрекет) [6]. Сақал жіберудің ең кәміл мөлшері – біртұтам[7].

3. Сақал қою ‒ діни бұйрық емес. Ол Пайғамбарымыздың өмір сүрген уақытындағы әдет‒ғұрыптан туындаған дүние. Яғни, сақал қою ‒ Пайғамбарымыздың (с.а.у) жүру үлгісі, киім кию үлгісі, тамақ ішу үлгісі іспетті. Бұл пікірді алға тартқан ғалымдар: Махмуд Шәлтут (1893‒1963 ж)[8] т.б. онымен замандас кейбір ғалымдар[9]. Сондай-ақ, Мысыр еліндегі «Пәтуә шығару басқармасы» (Даруль ифта) 2013 жылы, 7 қаңтардағы жасаған баяндамасында: "Сақал қою парыз емес, мұстахаб" деген баяндама жасаған[10].

Қорытындылай келе айтарымыз, сақал тек арнайы бір топты немесе жеке басты өзгеден айқындап тұратын дүние емес, ол барша мұсылмандарға тән амал. Сақал қойған кісілерге тұрпайы көзқараспен қарамай, оны Пайғамбарымызға деген махаббатының көрінісі деп бағалағанымыз дұрыс. Бірақ сақал қоймай жүрген мұсылман кісілерді де күнәһар деп санамау керек. Өйткені, Пайғамбарымыздың кезінде иегіндегі үш тал сақалын алып тастаған бір сахабаға Алланың Елшісі тек іштей реніш білдіргені кей мәліметтерде айтылады[11]. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.



[1] Әл Бахрур Раиқ, Хашяту Ибни Абидин – 3/20 бет;
  Фатхуль Бари, Бабу: тақлимуль азфар – 5892 хадис.;
[2] Әл маусуғатуль Фиқһия – 35/225 бет. Кувейт.
[3] Ибн Абидин, Раддуль Мухтар – 3/398 бет; Әл Айни, Умдатуль Қари, - 22/46-47 бет, 108, 109 хадис.;
[4] Әл-Фәуәкиһ әд-Дуани: Бәбу фил Фитрати уәл Хитани
[5] Әл маусуғатуль Фиқһия – 35/226 бет. Кувейт.; Доктор Мухаммад Ахмад әш-Шариф, «әл-Лихя».
[6] Юсуф Қардауи, әл-Халал уәл Харам
[7] Уахбату  Зухайли, Фатауа Муғасыра, 310 бет.; Маулана Закария Әл-Кәндаһләуи, «Ужубу Иғфаил Лихя»
[8] Әл Имам Әкбәр Махмуд Шалтут, Әл Фәтауа: дирасату лимушкиләтиль муслим – 197 бет.Каир.2004 бет.
[9] Фатауа Имам Шайх Мұхаммад Әбу Заһра – 750 бет.
[10] http://almesryoon.com/permalink/77335.html;
[11] Бұл риуаяттың сахих не әлсіз екендігі белгісіз, дереккөзін кездестіре алмадым.

Абдусамат Қасым