Сапарға шығу әдебі қандай?
Сапарға шығу әдебі қандай?
3 жыл бұрын 6036

Ассалаумағалейкум! Жолға шығарда не нәрсеге мән берген дұрыс? Нақты айтып берсеңіздер! Ермек.

Уағалейкумсалам! Қадірменді Ермек, жолға шығудың негізгі әдептерін атап өтер болсақ, олар төмендегідей:

1. Аптаның «бейсенбі» күні жолға шыққан жақсы. Бұл – сүннет. Сахаба Кәъб ибн Мәликтің айтуына қарағанда, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) сапарға көбіне бейсенбі күндері шығатын[1]. Аталмыш сахаба тағы бір сөзінде: «Тәбук жорығына бейсенбі күні шыққан еді. Ол (с.а.у) (жолға) бейсенбі күні шығуды жақсы көретін[2].

Дегенмен, адам аптаның өзге күндері де жолға шығып жатса, күнә емес.

2. Жолға неғұрлым ертерек шығу. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» демекші, Сахаба Сахр ибн Уәдаъа әл-Ғамидидің айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у): «Уа Аллахым! Үмметіме таңертең, күннің әуелгі сәттерінде берекесін бер», - деп дұға тілейтін. Сахаба Сахрдың өзі саудагер еді. Ол өзінің тауарларын (керуенмен) күннің таңертеңгі уақытында жіберетін. Осылайша дүниесі артып, байыды[3].

3. Жолға шықпас бұрын екі рәкәғат нәпіл намаз оқығаны жақсы. Бұл – мұстахаб (ұнамды). Бірінші рәкәғатында - кәфирун сүресі, екінші рәкәғатында - ықылас сүресі оқылады. Сахаба Әнәстің айтуы бойынша Пайғамбарымыз былай деген: «Жолға аттанар алдында отбасында оқылған екі рәкәғат намаз, пенденің оларға қалдырған ең абзал нәрсесі»[4]

4. Мүмкін болса жолға шықпас бұрын садақа беру.

5. Жолға шыққан адам өзіне қажетті керек-жарақпен қамдануды ұмытпағаны жөн. Алла тағала Құран Кәрімде қажылық үкімдерін баян ету барысында: «Және (қажылыққа шыққанда жолға) азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық», - дейді. Деректерге қарағанда Пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде Йемен халқы қажылық парызын жасағанда, өздерімен бірге азықтарын алмай: Біз Аллаға тәуекел еттік», - дейді екен де, Меккеге келгенде жергілікті халықтан азық сұрайтын болған екен. Сосын осы аят түсті[5]. Аталмыш аят түскенде бір кісі тұрып Пайғамбарымыздан (с.а.у): «Уа, Расулалла! Азықтан не алайық», - деп сұрайды. Сонда Алла елшісі оған: «Жүзіңді адамдарға қаратпайтындай азықтанып ал. Азықтанудың ең жақсысы –тақуалық», - деп жауап берді[6].

6. Үйінен шыққанда сапар дұғасын оқу. Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз былай деген: «Кімде-кім үйінен шыққанда мына дұғаны оқыса: Тәуәккәлту ъаләллаһи лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ. Ол кісіге Періште «Саған жеткілікті әрі қорғалудасын», - дейді. Және Шайтан одан ұзақ жүретін болады»[7].

7. Жол-жөнекей әдептілікті, мәдениеттілікті сақтап, ұрыс-жанжалдан ұзақ жүру керек. Бір қисынсыз жағдай туа қалған жағдайда, байыппен, парасаттылықпен шешуге тырысқаны абзал.

8. Жол-жөнекей әлдекімнің жаманшылығынан қауіптенсе, мына дұғаны оқыса болады: Сахаба Әбу Муса әл-Әшъари (р.а) айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у) әлдекімдерден қауіптенетін болса, мына дұғаны оқитын: «Аллахуммә! Иннә нәжъалүкә фи нухуриһим, уә нәъузу бикә мин шуруриһим».[8] Мағынасы: Уа, Жаратқан Ием! Біз сені оларға қарсы пана тұтамыз. Және олардың жаманшылығынан саған сыйынамыз.

[1] Сахих Бухари: Китабул жихад уәс сияр – 2789 хадис.
[2] Сахих Бухари: Китабул жихад уәс сияр
[3] Әбу Дәуід:Бәбу ибтикәр фис сәфәр - №2606 хадис.
[4] Әл-Мусаннаф ли ибни Әби Шәйбә – Китабус сала (306) 526.
[5] Сахих Бухари: Китабул Хаж – Бәбу Қаулилләһи таъалә уә тәзәууәду...-1451 хадис.
[6] Фатхул Бәри – 1441 хадис түсіндірмесі.
[7] Әт-Тирмизи: Китабуд даъуат - №3426 хадис. (Тухфә әл-Әхуизи)
[8] Әбу Дәуід – №1537 хадис.

Абдусамат Қасым