Неге «бейуақта» ұйықтауға болмайды?
Неге «бейуақта» ұйықтауға болмайды?
3 жыл бұрын 2645

Ассалаумағалейкум! Кішкентай кезімізде ата-анамыз күн батар кезде, яғни, күн екінтіден ақшамға ауған уақытта ұйықтайтын болсақ, «бейуақта ұйықтама, күнмен жарысып жатуға болмайды» деп жататын. Ата-анамыз не себепті осылай дейді екен? Дінімізде бұл жайында не деген? Жәнібек.

Уағалейкумуссалам! Жәнібек, бұл мәселенің негізі жоқ емес. Өйткені, бір хадисте: «Екінтіден кейін ұйықтаған әлдекімнің басы дел-сал болса, өзінен көрсін»[1], – деген.  Сондықтан, ғалымдардың көбі бейуақта ұйықтауды (жеңіл) мәкрүһ деп санайды. Себебі, хадисте айтқандай бұл уақытта ұйықтаған адамның басы мең-зең болып, бейжай күй кешеді. Ханбали құқық мектебін құрушы Имам Ахмад: «Екінті уақытынан кейін ұйықтау ұнамсыз әрекет. Бұл ақылына қауіпті[2]» дей келе күн-батарда ұйықтамаған абзал екенін білдіруде.

Дегенмен, ұйықтаған адамға да күнә жоқ. Мұны Пайғамбарымыздың үмметіне берген кеңесі ретінде қабылдаған жөн. Өйткені, Пайғамбарымыздың өзі де кейде екінті уақытында ұйықтағандығы айтылады[3].  

Жалпы, ғалымдар күндізгі ұйқыны үшке бөліп қарастырған:

Біріншісі, таң намазы мен күн арқан бойы көтерілген уақыттағы ұйқы (Духа уақыты) – ұнамсыз әрекет. Бұл уақыт аралығы ризық берілетін сəт. Сондықтан да, мұсылман адамның ұйқыға беріліп, несібеден құр қалып қалмау жағын ойлағаны жөн. Олай дейтін себебіміз, Әзіреті Османның риуаяты бойынша Алла Елшісі: «Азандағы ұйқы – ырысқа кедергі», – деген. Пайғамбардың (с.а.у) үмметіне тілеген тілеуінің бірінде«Уа, Жаратушы Ием! Үмметіме азанғы уақытта ырысын арттыр!»,[4] – дегендігі айтылады. Осылайша Ол (с.а.у) азанғы уақыттың ырзық-несібе теретін уақыт екендігін меңзеп отыр. Сондай-ақ, сахабалардың ішіндегі ғұлама Абдулла бин Аббас күн шығып жатқан кезде ұйықтап жатқан ұлын оятып: «Тұр орныңнан! Ырыс жауатын уақытты ұйқымен өткізбекпісің!?», – деген екен. Қазақтың «ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген өнегелі сөзі - хадистен бастау алатындығын тұжырымдауға болады.

Екіншісі – түскі уақыттағы ұйқы. Күн тас төбеден батысқа қарай ауа бастаған мезгілде ұйықтау – ұнамды іс. Бұл уақытты арабшада «қа’ила» немесе «Қайлулә» дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Ораза ұстау үшін сәресіден қуат алыңдар. Ал тәһәжжуд намазына тұру үшін түскі ұйқыдан алыңдар (қайлүлә)»[5], – дейді. Әзіреті Омар да бір сөзінде былай дейді: «Түс ауа бастаған уақытта шайтан ұйықтамайды, сендер ұйықтаңдар!».[6]

Үшіншісі – жоғарыда айтып өткен екінтіден кейінгі уақыт.

[1] Хайсами, Китабут Тыб, 8471-хадис.Әлсіз хадис.
[2] Мухаммәд әл-Мақдиси, Әл-Әдәбуш Шарғия.
[3] Әль-Қирафи, әз-Зәхира, Китабуль Фараиз.
[4] Тухфатуль Әхуизи, Тирмизи шархы – 1212 хадис түсіндірмесі.
[5] Әл-Асқалани, Фатхуль Бари – 5923 хадис түсіндірмесі.
[6] Ғазә'уль Әлбәб, «Матләбу нәумиль Қаила».

Абдусамат Қасым