Нәпсінің қанша түрі бар? Темекі тарту да нәпсіге жата ма?
Нәпсінің қанша түрі бар? Темекі тарту да нәпсіге жата ма?
7 жыл бұрын 26708

Менің сұрағым: Көп уағыздарды тыңдап отсаң "нəпсі" туралы көп айтылыды. Нəпсіге нелер жатады? Темекі тарту да нəпсіге жата ма? Айбек

Құрметті Айбек, «нәпсі» сөзі біздің тілге арап тілінен енген. Арапша нұсқасы - «нәфс». Қазақ тілде нәпсі сөзі тойымсыздық, құмарлық деген мағыналарда айтылса, араб тіліндегі нафс сөзі қолдануына қарай бірнеше ұғымды білдіреді. Мысалы: адам, жан (рух), қара басы (жеке өзі), құштарлық, құмарлық, эго т.б.

Діни уағыздарда да нәпсі делінгенде көбінесе құштарлық, құмарлық, тәкәппарлық сияқты адамның ішкі өзімшілдігіне қатысты мағыналарда айтылып жатады.

Осы тұрғыда, нәпсінің бірнеше түрге бөлінетіндігін айтпай кетуге болмайды. Құран Кәрімде оның алты түрі баян етілген. Атап айтқанда:

  1. ән-Нәфсуль Әммәра. Жамандыққа бұйыратын нәпсі. Адам баласын түрлі күнәлі істерге, харам істерге итермелеп, содан рақат табатын нәпсі. Нәпсінің бұл түрі Юсуф сүресінің 53 аятында айтылады.  «Әммәра» сөзі – көп әмір етуші, үнемі бұйырып тұрушы деген мағыналарға саяды.
  2. ән-Нәфсуль Ләууәма. Істеген күнәсіна өкінетін нәпсі. Қандай да бір харам іске барып қойған болса, артынша өне бойын өкініш билеп, іштей өзін жегідей жейтін нәпсі. Бұл көбінесе, діни бұйрықтарды орындап, құлшылығын жасап жүрген, бірақ, қателікке ұрынып, күнәға барып қойған мұсылмандарға қатысты. Нәпсінің бұл түрі жайында Алла тағала былай дейді: «Өз-өзін жегідей жеуші нәпсімен ант етемін». (Қияма сүресі, 2 аят). 
  3. Ән-Нәфсуль Мүлһәмә  (Шәмс сүресі, 7, 8 аят). Илһам, яғни, иләһи шабыт алған нәпсі. Ненің жаман, ненің жақсы екендігін іштей сезініп, жақсылық жасауда жүрекке жәрдемші болатын, адамды жақсылыққа үндеп отыратын нәпсі. Мұндай сипаттағы мұсылман нәпсісінің тойымсыздығына қарсы төтеп бере алады. Жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылады. Алладан ұзақтататын барлық нәрсеге көңілі тартпайды. Жасаған құлшылықтарынан, тартқан зікірінен ләззат алады.
  4. ән-Нафсуль Мутма’инна (Фәжр сүресі, 27 аят). Түрлі ширктерден, күмәндардан ада, әртүрлі рухани дерттерден таза, сондай-ақ, Алланың тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын екі етпейтін, күнәға бармайтын, жүрегі мен ақылы Алланың еске алумен мәшғул, соның нәтижесінде іштей тыныштыққа қол жеткізген нәпсі. Мұндай мұсылман Алланың барлық бұйрықтарын шын жүрекпен әрі махаббатпен орындайды. Барлық нәрседе Алланың ризалығын көздейді. Бойындағы жаман қылықтардан арылып, орнын көркем әдеп нормалары басады. Жүрегінде үрей, қорқыныш, уайым деген жоқ. Керісінше, тәуекелділік, сабырлылық, ризалық, Алланың тағдырына бойұсынушылық деген сипаттары артады.
  5. Ән-Нәфсур Разия (Фәжр сүресі, 28 аят). Аллаға риза болған нәпсі. Жүрегінде Жаратушысынан өзгеге орны жоқ мұсылманның нәпсісі. Бұл сипатқа жеткен нәпсі Құдайдың қалауын, өзінің қалауынан үстем ұстайды. Біреуді жақсы көрсе, Алла үшін жақсы көреді. Жек көрсе, Алла үшін жек көреді. Ашуланса тек Алла үшін ашуланады. Өмірдің ащысынан да, тұщысынан да Алланың ризалығын іздейді. Бәріне мейірімді, ешкім одан зиян шекпейді. Барлық адамға мейіріммен қарайды.
  6. Ән-Нәфсуль Марзия (Фәжр сүресі, 28 аят). Алла риза болған нәпсі. Мұндай сипаттағы мұсылман  не істесе де істеген ісі Алланың ризалығына сай болып тұрады.  
  7. Және аталмыш алты түрге қосымша жетінші түрі Ән-Нәфсуль Кәмилә. Кемелдікке жеткен нәпсі. Мұның басқа бір атауы – «ән-Нәфсус Сафия», яғни, саф, тап-таза нәпсі.

Сопылық ғылымында мұның әрқайсысы жеке-жеке талқыланып, егжей-тегжейлі зерттелген. Осы жолдағы ғұламалар Құран Кәрім мен Хадис Шәрифтің нұсқауын пайдалана отырып, адамның ішкі жан дүниесіне үңілуге тырысты. Ондағы адамды бақытсыздыққа апарар жан жарасын, рухани дертті анықтап, жүректегі кірден тазаруды практикалық тұрғыда үйретуге талпынды. Осы мақсатта арнайы мектептер құрылды, көптеген кітаптар жазылды.

Темекіге келер болсақ, ол да нәпсінің қалауы болып табылады. Темекідегі никотиннің мидағы дофамин* құрылымына әсер етуінің нәтижесінде темекіге деген құмарлық туындап, онысы әдетке айналып, арты тәуелділікке ұласады. Осы орайда айта кету керек, темекі шегу - қазіргі ғұламалардың басым көпшілігі бойынша, харам. Сондықтан да, мұсылман кісі ондай жаман әдеттен бойын аулақ ұстауы шарт.

*Дофамин – мақтаныш, рақат, бақыт сезіміне деген құштарлық.

 

 

Абдусамат Қасым