Жастайынан қайтыс болған балаға Құран бағыштала ма?
Жастайынан қайтыс болған балаға Құран бағыштала ма?
9 жыл бұрын 23935

Сәлеметсіздер ме! Осы сұрақ мені әрдайм мазалайды. Бес айында шетінеген қызым болып еді. Намазымның соңында, Құран оқып әруақтарға бағыштағанымда еріксі тіліме қызымның есімі келіп, атап отырамын. Бірақ ол періште ғой. Соным дұрыс па, әлде бұрыс па көз жеткізіп беріңіздерші! Ұ.Т.

Сәлеметсіз бе! Жастайынан шетінеген немесе қайтыс болған балалардың орны жәннат екендігі хадистерде айтылады[1].  Олар - күнәсіз. Тіпті жаназа дұғасы оқылғанда да ол үшін Алладан кешірім тілемей, оның орнына былай деп дұға етіледі:

«Аллаһуммәж’алһу ләнәә фәрәтан уәж’алһу ләнәә әжрән уә зухрән уәж’алһу ләнәә шаафи’ан уә мушаффа’ан».

Мағынасы: «Аллаһым! Бұл баланы жәннатта бізді қарсы алушы және ақырет сыйы ет! Аллаһым! Бұл баланы бізге шапағатшы ет және шапағатын қабыл ет!».

Сондықтан да, әдетте жас кезінде қайтыс болған балаға Құран бағышталмайды. Бірақ, бағыштаған кісіге де күнә жоқ. Мәселенки, ардақты Пайғамбарымыздың мекені пейіш екендігіне қарамастан, Құран оқыған кезде Оның да (с.а.у.) рухына Құран сауабын бағыштап жатамыз.  

[1] Асқалани, Фатхуль Бари, 1317-хадис түсіндірмесі. Хасан Хадис.

Абдусамат Қасым