Ішімдік таратылатын ұшақта «ұшқыш» болып істеу күнә ма?
Ішімдік таратылатын ұшақта «ұшқыш» болып істеу күнә ма?
9 жыл бұрын 6443

Ассаламуғалейкум! Ұшақ бортында арақ-шарап тарататындығы белгілі. Сұрайын дегенім, сондай ұшақта «Ұшқыш (пилот)» боп жұмыс атқару күнә емес пе? Оған Ислам қалай қарайды?   Нұрбек Дүймұхан.

Уағалейкум ассалам рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Қадірменді Нұрбек, «ұшқыш» мамандығы өз алдына алып қарағанда адал іс. Ұшақ бортында ішімдік таратылатынына қарап, аталмыш мамандықты «харам» дей алмаймыз. Өйткені, ұшақты жүргізіп отырған кісі дәл ішімдік таратумен айналыспайды. Тікелей харам істерге мұрындық етпеген болсадағы айналасындағы күнәлі істерге қарап, адал мамандықтардан тыюымыз мұсылмандарға қиындық тудырып, діндар кісілерді тығырыққа тірейтіні анық. Алла тағала пенделеріне қиындық қаламайды.

Дегенмен, ұшқыш болып істейтін кісі ұшақ бортындағы ішімдікке тым болмағанда  іштей наразы болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтпақшы:

«Кімде-кім күнәлі істі көрсе қолымен өзгертсін (тоқтатсын), оған шамасы келмесе тілімен өзгертсін (тоқтатсын), оған шамасы келмесе жүрегімен. Бұл – иманның ең әлсізі». 
[Сахих Муслим. Китабул Иман].

Абдусамат Қасым