Ғибратты әңгімелерді ойдан шығару да өтірікке жата ма?
Ғибратты әңгімелерді ойдан шығару да өтірікке жата ма?
2 жыл бұрын 2005

Әссәләмуғалейкум! Ойдан шығарылған ғибратты әңгімелерді оқуға бола ма? Күнә емес пе? Және ғибратты әңгімелерді ойдан шығаруға бола ма? Мәдияр

Уағалейкум әссәләм, Мәдияр! Ойдан шығарылған ғибратты әңгімелерді оқуға болады. Мазмұны жағынан шариғат негіздеріне теріс келмесе, ғибратты әңгімелерді, ертегілерді, түрлі әдеби шығармаларды ойдан шығарудың күнәсі жоқ. Ойдан туындаған шығармалар – өтірікке жатпайды.

Қай кезде өтірік айтушылық болмақ? Егер, автор әңгіменің ойдан шығарылғандығын жасырып, шын екендігін көлденен тартып жатса, сонда барып ол әрекеті өтірік болып саналады. Өтірік айту - күнә.

ЕСКЕРТУ: Ардақты Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.у.) қатысты әңгімелер ғибратты болса дағы ойдан шығарылмауы тиіс. Себебі, Алла елшісі: «Кім (айтпаған нәрсемді айтты деп) менің атымнан өтірік айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін»[1], - деп қатаң ескерткен. Бұнымен қатар, Пайғамбарымызбен қатысы бар әрбір жайыттан мұсылман өзіне шариғи үкім іздейді. Ал, шариғи үкім - нақты әрі дұрыс дерекке негізделуі тиіс. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Сахих Бухари, №109.

Абдусамат Қасым