Ғайбат айтқанның кәффәраты (өтемі) бар ма?
Ғайбат айтқанның кәффәраты (өтемі) бар ма?
2 ай бұрын 2186

Біреудің артынан ғайбат айтып қойсақ, сол күнәні өшіру үшін қандай амал жасау керек? Кәффәраты бар ма?

Құрметті сауал қоюшы, бір мұсылманның артынан ғайбат сөз айтудың ауыр күнә екендігі баршаға мәлім. Құран Кәрімде ашық түрде ғайбат айтуды дін бауырының етін жеумен теңеген. Тіпті, кейбір хадисте ғайбат айтудың күнәсінің – зинанының күнәсынан да ауыр екендігі айтылады[1].

Өкінішке орай, пендешілікке салынып, көпшілігіміз ғайбатқа жеңіл қарап жататынымыз жасырын емес. Алайда біздің назарымызда жеңіл боп көрінсе де, Алланың құзырында өте ауыр іс болып саналатындығын естен шығармауымыз керек екен.

Ендігі жерде ғайбаттың өтемі бар ма? Ол үшін не істеген дұрыс?   

Ғайбаттаушы кісі ең алдымен жасаған күнәсіна өкініп, Алладан кешірім тілеуі керек.

Екіншіден, келесі де ғайбаттамауға іштей бекінуі тиіс.

Үшіншіден, ғайбаттаған адамы үшін Алладан жарылқау тілеп, дұға жасауы керек.

Әзіреті Әнәстан жеткен бір «әлсіз» хадисте былай делінеді: «Ғайбаттаудың кәффараты – ғайбаттаған адамың үшін Алладан жарылқау тілеп, кешірім тілеуің».

Имам Дәруқутнидің хадистер жинағында орын алған сахаба Жәбірден жеткен басқа бір әлсіз риуаятта: «Кім бір адамды ғайбаттаған болса, артынша ол үшін истиғфар етсін (Алладан ол үшін жарылқау тілесін). Сонда ғайбаты кешіріледі», - делінеді.

Сахаба Сүлейман ибн Саъдтан жеткендігі көлденең тартылатын тағы бір әлсіз риуаятта: «Кім өзінің дін бауырын ғайбаттаған болса, ол үшін истиғфар етсін (ол үшін Алладан кешірім мен жарылқау тілесін). Бұл ғайбаттаушы үшін кәффарат болмақ».

Осы орайда, ғайбаттаған адамына барып, кешірім тілеу шарт па? – деген де сауал ойға оралады. Бұл жөнінде бір сыпыра ғұламалар «ғайбаттаған адамына барып, оның кешірімін алуы шарт» деген. Солай деушілердің бірі Имам Нәуәуи (рахимаһуллаһ)[2]. Әйтсе де, көпшілік ғалымдар «ғайбатталған адамға барып, ғайбаттағаны жөнінде хабардар етуі шарт емес, оның артынан дұға-тілектер жасап жүрсе болғаны» дейді.  

Мысалы, ғұлама Абдулла ибн Мүбәрак оған қатысты: «Егер бір адам, басқа бір адамды ғайбаттаған болса, ол жайында оған айтпасын. Бірақ ол үшін Алладан жарылқау тілесін», - деген.

Деректерге қарағанда, әлдебір адам бір ғалымнан: «Егер біреудің артынан ғайбат айтып, кейін ол ісіне өкінсе не істейді? – деп сұрайды. Ғалым оған: «Ол жөнінде оған айтпағаның дұрыс. Оның орнына, ол үшін дұға тіле. Оны (жамандаушылардың қасында) мадақта. Осылайша жамандығыңды жақсылықпен өшір», - деп кеңес айттыпты[3].

Қорытындылай айтқанда, ғайбаттаудың өтемі – әуелі өзінің қылығы үшін Құдайдан кешіріп тілеп, одан соң ғайбаттаған адамы үшін дұғада болу, әрі егер біреулер оны ғайбаттап жатқан болса, мүмкіндігінше оның жақсы жақтарын айтып, өзгелердің ол жайында жақсы ой қалыптастыруына септігін тигізу.


[1] Имам Табарани: әл-Әусат; әл-Әсбаһани: әт-Тәрғиб.
[2] Имам Суюти: әл-Хауи лильФәтәуә.
[3] Исмаъил ибн Мұхаммед әл-Жаррахий әл-Ъажлүний: «Кәшфуль Хофа».

Абдусамат Қасым