Ер кісілерге сақинадан бөлек, алқа, білезік (браслет) тағуға бола ма?
Ер кісілерге сақинадан бөлек, алқа, білезік (браслет) тағуға бола ма?
5 жыл бұрын 10963

Сұрақ1: Ассаламуғалейкум! Ер кісілерге алтын тағып, жібектен киім киюге болмайды дейді дініміз. Ал күмістен алқа тағуға бола ма? Ербол.

Сұрақ2: Ассаламу уағалайкум! Ер адамдарға күміс сақинадан басқа, браслет тағуға бола ма? Ринат.

Уағалейкумуссалам уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әшекей бұйымдарды тағу көбіне әйел затына тән дүние. Сондықтан, дінімізде ер кісілерге әшекей бұйымдарын тағуға рұқсат жоқ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір сөзінде «Мына екі зат (алтын мен жібек) үмметімнің еркектеріне - харам, ал әйелдеріне - халал»[1], – дей келе, ер кісілерге күміс болса да әшекей бұйымдарын тағу дұрыс емес екендігін меңзеп тұр.

Бірақ «күмістен жасалған сақина,[2] белдік және сабы күміс қылыш[3] ерлерге қолдануға болады» деген ғалымдарымыз[4]. Өйткені, бұлар хадисте рұқсат етілген дүниелер. Ал, бұлардан тыс алқа, білезік, сырға секілді әшекейлер көбіне нәзік жандыларға тән болғандықтан, ер кісілер ол заттардан бойын аулақ ұстағандары жөн.

Хадисші әрі фиқһ ғылымының білгірі, Шафиғи мәзһабының ғалымы Имам ән-Нәуәуи (р.а.) бұл жайында былай дейді:

Ер кісіге күмістен сақина тағу рұқсат етілген. Мұнда ғалымдардың ижмасы бар. Ал одан өзге: білезік, білекке тағатын білезік, алқа сынды әшекей бұйымдарды тағу болса, көпшілік ғұламалардың тұжырымы бойынша, тыйым салынады (тахрим). Алайда, ғалымдардан әл-Мутәуәлли[5] және әл-Ғазали фәтуәларда «Болады» деген. Олардың пайымынша, күміске қатысты тек күміс ыдыстарды қолданудың харамдығы және (әйелдердің әшейкейлерін тағып) әйелдерге еліктеу әрекеті ғана харам екендігі нақты белгілі (қалған нәрселер халал). Дегенмен, бұл мәселеде көпшілік ғалымдардың пікірі дұрыс. Олай болған себебі білезік, алқа сияқты әшекейлерді тағуда әйелдерге еліктеушілік, соларға ұқсаушылық байқалады, ал ол нәрсе – харам[6].



[1] Ибн Мәжә, Китабуль Либәс, №3595-хадис.
[2] Сахих Бухари, «Китабуль либәс», №5528-хадис.
[3] Тирмизи, «Китабуль Жихад», №1691-хадис.
[4] Әл-Айни, әл-Биная – 12/110 бет.
[5] Шафиғи фиқһшысы Әбу Саъд ибн Әбу саъид әл-Мүтәуәлли ән-Нисабури болса керек (ө.х. 427 ж.)
[6] Имам ән-Нәуәуи: «Әл-Мәжмуғ Шархуль Муһаззаб» - «باب ما يكره لبسه وما لا يكره».
Ескерту: Жоғарыда ұсынылған материал 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның аз-маз редакцияланып, қайта жарияланған түрі.

Абдусамат Қасым