Ер адамдарға рұқсат етілмеген түстер бар ма?
Ер адамдарға рұқсат етілмеген түстер бар ма?
5 жыл бұрын 13377

Ассалаумағаликум! Ер адамға рұқсат етілмеген түстер бар ма? Шорти киюге бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қызыл мен сары түстен өзге барлық түстер ер кісілерге рұқсат екендігінде дау жоқ.

Қызыл түске келер болсақ, біркелкі қызыл түсті киімді бір сыпыра Ислам ғалымдары, соның ішінде Ханафи ғалымдары – мәкрүһ санаған. Өйткені кейбір хадистерде біркелкі қызыл түстің құп көрілмегендігі айтылады[1]. Ал, басқа түспен аралас қызыл түс болса, оның ағаттығы жоқ. 

Дегенмен, қызыл түстің біркелкі болса да мәкрүһ емес екендігін, тіпті мұстахаб амалға жататындығын айтқан Ханафи ғалымдары бар. Соның бірі Имам Шүрүнбүләли[2].

Екіншісі - сары түс. Сары түстің мақсыр (сафлор) өсімдігімен немесе шафран (заъфаран) өсімдігімен боялғандары ғана ер кісілерге мәкрүһ. Одан бөлек сары түсті киімдер халал. 

Аталмыш екі өсімдікпен боялған сары түсті киімнің мәкрүһтігі Пайғамбарымыздың хадисіне сүйенеді. «Сахих Мүслимде» орын алған хадисте Амр ибн Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.у.) менің үстімдегі мақсыр өсімдігімен боялған екі киімді көрді де: «Шынында мына киімдер – кәпірлердің киімі. Оны киме» деді»[3].

Қандай түсті киімдер абзал?

Ер кісілерге діни тұрғыдан ұнамды әрі абзал саналатын түстер ақ түс пен жасыл түс. Ақ түсті киім кию – сүннет, ал жасыл түсті киім кию - мұстахаб. Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келтірген хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Киімдердің ақ түстісін киіңдер. Шынында, киімдеріңнің ең игісі сол. Және өлілеріңнің кебіні ақ түсті болсын!», – деген[4].

Одан бөлек, қара, көк, қызғылт, қоңыр т.б. түсті киімдер де мұсылмандар үшін халал. Әркім өзінің талғамы бойынша жергілікті әдет-ғұрып пен менталитетіне қарай қалаған түсін таңдауға құқылы.  

Шолақ шалбар (шорты) киюге бола ма?

Шолақ шалбар (шорты) киюге болады. Тек, ұзындығы – тізеден төмен болуы тиіс, өйткені, тізе – әурет. Əрі ол дене ағзаларын тым қатты бедерлеп тұрмайтындай кең болғаны жөн.


[1] Амр ибн Астан жеткен риуаятта ол былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.у.) жанынан екі қызыл киім киген кісі өтіп бара жатып сәлем береді. Алла елшісі оның сәлемін алмады». Әбу Дәуід. Әлсіз.
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар - 9/516 бет. 
Сахих Мүслим - №2077 хадис.
[3] Әбу Дауід, Китабул Либас, 4061-хадис.

Абдусамат Қасым