Дінде ер адамға шашты ұзын қылып өсіруге бола ма?
Дінде ер адамға шашты ұзын қылып өсіруге бола ма?
6 жыл бұрын 31471

Ассаламуғалейкум! Ер кісіге шаш өсіртуге бола ма? Азиз

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздың шашының ұзындығы кейде құлағының сырғалығына шейін жетсе, кейде иыққа дейін жететін болған. Бірақ, шашын тарап, оған май жағып, әлсін-әлсін бал жаққандығы да хадис кітаптарында айтылады. Сондай-ақ, шашы қатты өскен кездерінде буып, төрт бұрымға бұрымдап қоятындығы да риуаяттарда келтіріледі[1].

Дегенмен, шашты ұзын қылып өсіру сүннет амалы ретінде есептелмеген. Сондықтан да, бұл мәселеде жергілікті менталитет пен әдет ғұрып негізге алынады. Егер де, қоғамда ер кісілердің шаш өсіруі әбестік саналса немесе шаш өсіру әдеті көбіне пасықтарға тән әрекет болған болса, мұсылман кісі одан тартынғаны жөн.

Осы орайда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шаш өсіру жайында айтқан бұйрығы жоқ. Бірақ, шашқа жақсы қарау жөнінде айтқан бұйрығы бар. Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі: «Кімнің шашы болса, оған икрам етсін (құрмет көрсетсін)» деген[2]. Яғни, өскен шашын дода-дода қылмай, тарап, қажет болса шашқа арналға майларды қолданып, ретке келтіріп жүргені дұрыс екен.


[1] Тирмизи: Сүнән. №1781
[2] Әбу Дәуід: Сүнән. №4163 хадис.

Абдусамат Қасым