«Бисмилләны» айтпай атып алған үйректі жеуге бола ма?
«Бисмилләны» айтпай атып алған үйректі жеуге бола ма?
6 жыл бұрын 5282

Әссәләмуғалейкум! Бір танысым аңшылықта үйректі атып, маған алып келді. Ол кісі - қазақ, мұсылман, бірақ үйректі атарда «бисмилла» деп айтпаған. Сол етті жеуге рұқсат па? Әлібек

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Садақ оғын атқанда Алланың есімін тілге ал», - деген[1]. Егер, әдейі "бисмилләһты" айтпаған болса, аталмыш үйректің етін жеуге болмайды. Алайда, айтуды ұмытып кетсе, ұмытқан мұсылманға кешірім бар. Еті адал. Бұл – Ханафи мен Мәлики мәзхабтары бойынша[2]. Ханбали мәзхабында ұмытса да еті адал емес. Ал, Шафиғи мәзхабы бойынша, екі жағдайда да еті адал[3].

Еске сала кетелік, аңға арнайы үйретілген итті не бүркітті саларда, не болмаса мылтықтың шүріппесін басарда «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп айту шарт. 


[1] Сахих Мүслім - (1929) 3565
[2] Табарани: әл-Муъжәмуль-Әусат (№4766): Әбу Һурайра былай дейді: Алла елшісіне бір кісі келіп: «Арамыздағы кейбір кісілер мал соярда Алланың атын айтуды ұмытып кетеді. Соған не дейсіз?, - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алланың есімі әрбір мұсылманның аузында», - деп жауап берді. (Бәйһақи; Дәруқутни).
[3] Ибн Құдама: әл-Муғни - 9/293 бет, «Китабус сайд».  

Абдусамат Қасым