Ақ алтыннан неке жүзігін тақса күнә мә?
Ақ алтыннан неке жүзігін тақса күнә мә?
3 жыл бұрын 2128

Ассаләмуғалейкум! Сіздерге қояйын деген сұрағым: неке жүзігін ақ алтыннан тақса бола ма?

Уағалейкумуссалам! Саф алтын өте жұмсақ, майысқыш, жүзіне тез сызат түскіш келетіндіктен, одан жасалатын зергерлік бұйымдарды берік әрі қатты болу үшін күміс, мыс, паллади, платина сыңды өзге металдармен қосып балқытады. Алтыннан жасалатын әшекейлердің түсі сол себепті өзгеріп жатады. Мысалы, мыспен қорытылған алтынның түсі қызғылт, күміспен қорытылған алтынның түсі сарғылт тартып тұрады. Ал егер оны «палладиймен» немесе «платинамен» қорытса ақ түске айналады[1].

Енді, мұндай алтынның шариғаттағы үкіміне келер болсақ, ғұлама Мухиддин Әбу Закария ән-Нәуәуи р.а. (хижри 631-676 ж.)  «Сахих Муслим» атты хадистер жинағына жазған шархында (түсіндірмесінде) былай дейді: «Ғалымдар бір ауыздан алтын жүзік тағу ер кісілер үшін «харам» дейді. Жүзіктің кей бөлігі күміс, кей бөлігі алтын болса да, үкімі осы... Өйткені, Пайғамбарымыздың мына сөзі барлық алтын атауын қамтып тұр. Ол (с.а.у): «Мына екеуі (жібек пен алтын) ер кісілерге – харам, әйелдерге – халал», – деген»[2]Демек, «палладимен» қорытылған алтын жүзікті де мұсылман ер кісілер үшін тағу дұрыс емес.  Аталмыш хадистің мазмұны осыны мензейді.

Қазіргі таңдағы беделді ғалымдардың бірі шариғат ғылымының профессоры Али Жұма бүгінгі тақырыбымызға байланысты өз пікірін былай өрбітеді: «Сары алтынды платина сияқты өзге заттармен қосып балқыту арқылы пайда болған ақ алтынды еркектердің жүзік ретінде тағулары – харам. Өйткені, бұл да алтын болып есептеледі...».[3]  

Ендеше, мұсылман ер кісі, түсі қандай болса да, алтыннан жасалған жүзіктен бойын аулақ ұстағаны жөн. Бұл әрекет оның тақуалығының белгісі болмақ. Оның орнына күміс сақинаны тақса, Пайғамбарымыздың сүннетін орындаған болып, сауапқа кенеледі.

[1] http://aboutdiamonds.narod.ru/gold.htm
[2] Имам Науаи, Шархун Нәуәуи алә Муслим, 2066 хадис шархы.
[3] http://www.dar-alifta.org/ViewFatwa.aspx?ID=3513&LangID=1

Абдусамат Қасым