8 наурыз әйелдер күнімен құттықтау күнә ма?
8 наурыз әйелдер күнімен құттықтау күнә ма?
9 жыл бұрын 74429

1.Әссәләму алейкум! Мұсылмандарға 8 наурыз мейрамын мерекелеуге бола ма? Жұлдыз

2.Әссәләму әлейкум! 8 наурызбен құттықтауға болады ма? Мектепте ұстаздарымызға сыйлық беріп құттықтап жатады. Бұлай істемеген жөн бе? Мәлика

Уағалейкум әссәләм! Құрметті сұрақ сұраушы, «8 наурыз мейрамымен құттықтау күнә ма» деп тұрсаңыз, оның күнәсі жоқ. Адамға жақсы тілек білдіргені үшін күнәға батып, тозаққа кіреді деп айта алмаймыз. Құттықтау - тойлау емес.

"8 наурыз" шариғи бір мейрам емес екендігі баршаға мәлім. Ол қоғамымызда орын алған құбылыстардың бірі. Шариғатта әйел адамына деген құрметтің қаншалықты екенін айтпасақ та белгілі. Мұсылмандар әр күні әйел кісілерге құрметпен қараулары тиіс.

Әйтсе де, әрбір қоғамда аса маңызды деп білген дүниелерді ерекшелендіріп, оларға арнайы бір күн арнап жатады. Мысалы, біздің елде «Тұңғыш Президент күні»«Балаларды қорғау күні», «Республика күні», «Конституция күні» т.б. атаулы күндер бар. Мұндағы мақсат - олардың маңыздылығына, қоғамдағы айрықша мәртебесіне, құндылығына назар аударту болып табылады. Сол сияқты, өмірімізде өзгеше орны бар аналарымызға да бір күнді арнап, сол күнді атап өтіп жатса, оның ешбір ағаттығы жоқ.  

Тағы да қайталап өтелік, 8 наурыз мейрамы шариғи бір мейрам емес. Құттықтауға ешкім міндеттелмейді. Бірақ, қоғамымызда орны бар айрықша күн ретінде әлдебір мұсылман кісі анасын немесе жарын яки әріптесін не ұстазын (шариғат шеңберінде) құттықтап жатса, оған бола күнәға батады деп айту қиын.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!     

Абдусамат Қасым