Төрт түлік малға дем салуға болады дейді. Сол рас па?
Төрт түлік малға дем салуға болады дейді. Сол рас па?
7 жыл бұрын 7331

Әссәләмуғалейкум! Халық арасында төрт түлік малдарға дем салуға болады деген әнгіме таралуда. Нақты баяндап берсеңіз!

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Малға дем салудың ағаттығы жоқ. Өйткені, малға да көз тиюы мүмкін. Көз тиюдың алдын алу үшін немесе ауырған малға арнайы дұғаларды оқып, дем салып жатса, оның еш әбестігі жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай деп бұйырған: Дін бауырларыңның өзінен, не болмаса малынан сізді таң қалдырар әлдебір нәрсе байқасаңыз: «бәрәкәлЛаһ» деп айтыңыз. Себебі, көз – ақиқат»[1]. Осы хадисте малға да көз өтуі мүмкін екендігіне ишара етіліп түр.

Сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың кезінде әлдебіреудің құлынына көз тиеді (кей риуаятта жылқы). Сонда ардақты сахаба әлгі адамға не істеу керектігін былайша үйретеді: «Мұрнының оң жақ танауынан төрт рет, ал, сол жақ танауынан үш рет «сүф» деп үшкір. Сосын былай де: «Бисмилләһ. Лә бә’с. Әзһибиль бә’сә Раббән Нәсс. Ишфи Әнтәш Шәфий. Лә якшифуд дурра иллә Әнт».

Мал иесі сахабаның үйреткенін екі етпей орындайды. Алланың қалауымен өлуге шақ қалған құлын тезек тастап, зәр сындырып, шөп жей бастаған екен[2].  

Бұнымен қатар, көз тиген малға көзі өткен кісінің дәрет суын құйса да болады. Риуаяттарға қарағанда Ғамир ибн Рабиға есімді адамның көзі өзінің інісіне өтеді. Сол уақытта Пайғамбарымыз Ғамирға сырт дәрет алғызып, көз тиген інісінің үстінен құйғызады[3].


[1] Имам Ахмад пен әл-Хакимнің хадистер жинағынан
[2] Ибн Әбу Шәйбә: әл-Мусаннаф - №28811 хадис.
[3] Ибн Мәжә, Тыб, 3509-хадис : "Пайғамбарымыз су алдыртып Ғамирге (сырт) дәрет алуын бұйырды. Дәретте Ғамыр бетін, және шынтаққа дейін екі қолын, сосын екі тізесін, кейін шалбарынын астарын (киімнің ішкі жағын) жуады. Одан соң, Пайғамбарымыз (с.а.у) алынған дәрет суды Сәһлдің, яғни көз тиген кісінің үстіне құюды бұйырды".