"Рия" дегеніміз не? Дүниелік істерде де рия бола ма?
"Рия" дегеніміз не? Дүниелік істерде де рия бола ма?
9 жыл бұрын 13044

Әссәләмуғалейкум! Рия ауыр күнә екені белгілі. Дүниелік істерде де рия жасау күнә ма? Мысалы, адамдарға көрсету үшін ұялы телефонын шығаруы немесе менің мынандай үлкен үйім бар деуі т.б. осы сияқты істермен мақтанып жатса, бұл рияға жатады ма? Малика

Уағалейкум ассәләм! "Рия" сөзі араб тіліндегі «رَاءَى-Ра'әә»,  «يرائي – Юраа’и» етістігінен жасалған есім. Оның мағынасы - бір нәрсені көрер көзге істеу дегенді білдіреді. Түбірі  - «(رُؤْيَةٌ) ру’я - көру» сөзі болып табылады.

Ал шариғаттағы анықтамасына келер болсақ, рия деп - Аллаға бойұсыну арқылы адамдардан өзіне қандайда бір пайда күтуді айтамыз. Басқаша айтқанда, діни бұйрықтарды Алла ризалығы үшін емес, адамдардың ілтипатына бөленейін немесе олардан пәлендей пайда алайын деген ниетпен жасаған кісі рия еткен болып есептеледі. Рия көбіне діни бұйрықтарға қатысты болып келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) рияны «кіші ширк» деп есептеген.[1]

Ал, әдеттегі, дүниелік тіршіліктерінде, адамның жүріс-тұрысында (оны ғалымдар «адат» дейді) адамдарға жағыну ниеті «рия» болып есептелмейді. Мысалы: адамдарға әдемі көріну үшін киген киімі, соққан үйі және ондағы әдемі жиһаздар немесе бастығына ұнау мақсатында жұмыс орнындағы жасаған жобасы т.б. бұлар «рия» анықтамасына кірмейді.

Бірақ, әдеттегі, дүниелік тіршіліктерімізде және жүріс-тұрыстарымызда «мақтаншақтыққа» бой алдырмауымыз керек. Өйткені Алла тағала Құранда: «Алла барлық масаттанушы тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді»[2], - деген. Мұсылман, әдемі киініп, зәулім үйлерде туруы мүмкін, бірақ ол мұнысымен халыққа мақтанбайды, Алладан келген несібе ретінде біліп, онысына шүкір етеді. Құран Кәрімде Мұса пайғамбар кезеңінде өмір кешкен Қарун есімді бай кісі жайында сөз етіледі. Сонда, әлгі кісі халық арасына шығып, өзінің дүниесімен мақтанатын болған. Ақыр соңында Алла тағаланың қаһарына ұшырап, оны жер жұтады[3].


[1] Табарани, №4301 хадис: أخوف ما أخاف على أمتي الشرك الأصغر – فسئل عنه فقال: الرياء
[2] Лұқман сүресі, 18-аят. إن الله لا يحب كل مختال فخور
[3] Қарун жайында мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/qarunnyn-aqyry-717/  

Абдусамат Қасым