Пейіште ғибадат етеміз бе?
Пейіште ғибадат етеміз бе?
6 жыл бұрын 6110

Əссəлəмуъалейкум.Жəннəтта құлшылық бар ма? Осыған қатысты хадистер бар ма? Мадияр.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пейіште намаз, ораза сияқты құлшылық түрлері жоқ, ол жерде тек «зікір» бар дейді ғалымдар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың пейіштегі дұғалары – «СүбханакәлЛаһумма», ондағы амандасулары – Сәләм, ал дұғаларының соңы «әлхамдулиллаһи раббиль алямин» деу болады», - делінген[1].  

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір асыл сөзінде: «...ол жердегілер тәспих айтып, Алланы мақтауға шаббытандырылады, құдды сендердің тыныс алуға шаббыттандырылғандарың тәрізді», - деген[2].   

Яғни, біздердің бұ дүниеде ауа жұтып, тыныс алуымыз қалай өздігінен, табиғи түрде жүзеге асып жатқан жәйіт болса, пейіште де Алланы пәктеп, тілімізді зікірге келтіруіміз ешқандай қиындық тудырмай, «күлфетсіз», өздігінен жеңіл атқарылатын болады. Оған арнайы уақыт бөліп, белгілі бір күш сарп етіп жатудың қажеті қалмайды. Сондай-ақ, тыныс алудан қандай рақат алсақ, пейіште зікір айтудан да сондай ләззаттық сезінетін боламыз.

Бұнымен қатар, «Ясин» сүресінің 58 аятында: «Ол жерде олардың тілегені болады» деп сипатталғанына қарағанда, пенде намаз оқып, мандайын сәждеге қоюды қаласа, кім біледі, мүмкін Алла Тағала онысына да рұқсат беруі  әбден мүмкін.  Неге десеңіз, «Сахих  Бұхариде» (хадистер жинағы) келтірілген бір риуаятта, пейіштегі бір адамның жер жыртып, егіс еккісі келіп, онысын Раббысынан сұрайтындығы, әрі Алла Тағаланың оның тілеуін қабыл ететіндігі айтылған[3]. 

Алла баршамызды пейіштік етсін!


[1] Юнус сүресі, 10 аят.
[2] Сахих Мүслім - №2835 хадис.
[3] Сахих Бұхари - №№2221 хадис.

Абдусамат Қасым