Пейіш пен тозақ қазіргі таңда бар ма?
Пейіш пен тозақ қазіргі таңда бар ма?
3 жыл бұрын 1583

Адам баласы фәни дүниеден бақи дүниеге аттанғанда қияметке дейін қабірде жатады-мыс. Соған қарағанда пейіш пен тозақ қазіргі таңда бар ма? Әлде ақырзаманда жаратылады ма?

Жәннәт пен тозақ біздің ақылымыздан тыс әлемге қатысты болғандықтан,  оған байланысты мәліметті тек, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінен аламыз. Пейіш пен тозақтың жаратылып қойғандығын мензейтін бірқатар аят пен хадистер бар.[1] Осыларға сүйене отырып, ғалымдарымыздың басым көпшілігі - ол екеуінің жаратылып қойғандығын және әлі күнге дейін бар екендіктерін айтады.[2] Алайда, қай жерде орналасқандықтары нақты айтылмаған. Десе де, төмендегі аятқа сүйене отырып жәннәттің орны, жеті қабат көктің соңғы қабатында деген тоқтамға келген:[3]«..(материалды өмірдің) біткен жерінде.. Ол жерде паналайтын (мә-уә) жәннәты орналасқан» [4]. Осы аяттағы айтылып өткен «сидратәль мунтаһа» сөз тіркесіне, сахаба Ибн Мәсғуд пен Дахак «алтыншы көк. Аспанға көтерілудің біткен шегі» деген анықтама берген.

[1] Бақара сүресі -24, 35 аят; Әли Имран 133; Зүмәр 68.
[2] Әбу Ханифа, әль Фиқһуль Әкбәр.
[3] Али әл Қари, Шархуль Фиқхиль Әкбәр: 165-166.; ән Нәсәфи, Бахруль Кәләм  244-246 бет. .Дамаск.
[4] Едип Юксель Нәжм сүресінің 14-15 мағынасы, http://www.kuranmeali.org/53/necm_suresi/15.ayet/kurani_kerim_mealleri.aspx; Тәфсируль маудзуғи, 7-том, 493 бет. 

Абдусамат Қасым