Өмірін суицидпен аяқтаған адамға жаназа оқыла ма?
Өмірін суицидпен аяқтаған адамға жаназа оқыла ма?
6 жыл бұрын 10285

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Суицидпен өлген адам, мысалы, буынып өлген адамға (Алла есіркесін) жаназа оқыла ма?  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Лә иләһә иллаллаһ» дегендердің (жаназа) намазын оқыңдар.  Сондай-ақ «лә иләһә иллаллаһ» дегендердің артында ұйып намаз оқыңдар»[1].

Ендеше, өмірін суицидпен аяқтаған мұсылманның жаназасы оқылады. Риуаяттарға қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз-өзін өлтіргеннің жаназасына байланысты: «мен оған жаназа оқымаймын» деп жаназасына қатыспағанымен, өзге сахабаларды одан тыймаған.

Дейтұрғанмен, өз-өзіне қол салып, өз-өзін өлтірудің ауыр күнә екендігін естен шығармау керек. Исламда адамның жаны - Алланың берген аманаты. Басқаның жанын қию қандай ауыр күнә болса, өзінің жанын қию да сондай ауыр күнә. Оның о дүниедегі жағдайы мүшкіл. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай деп қатаң ескертеді:

«Кімде-кім,  өз-өзін таудың төбесінен тастап суицид жасаса, ол адам өзін мәңгі қалатын тозақ отына жоғарыдан лақтырған болады.  Кімде-кім, өзін у ішіп өлтірсе, мәңгі-бақи  тозақ отында қолындағы уын жұтатын болады. Кімде-кім, өзін кесетін өткір бір затпен өлтірген болса, ол тозақта мәңгі бақи қолындағы кескен затымен қарнын тілетін болады»[2] .  

Алла Тағала баршамызға тәуфиқ-һидаят бергей!


[1] Имам Даруқутни: Мүснәд. Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен. Иснәді әлсіз.
[2] Сахих Бұхари. Сахих Мүслім.

Абдусамат Қасым