Неге бала туылғанда жылайды?
Неге бала туылғанда жылайды?
6 жыл бұрын 14003

Сәлеметсіз бе! Неге бала туыла салып бақырып жылайды?

Сәлеметсіз бе!

Сәбидің туыла сала дауыс шығарып жылауының сыртқы себебі және адамдарға белгісіз ішкі себебі бар. Сыртқы себеп ретінде, жарық дүние есігін жаңа ашқан сәбидің тыныс алуының қиынға соғуы немесе жылы ана жатырынан бірден суық атмосфераға келуі яки үйреншікті қараңғы мекенінен бірден жап-жарық дүниеге тап болуынан туындаған қорқыныш т.б. себептерді сайып өтуге болады. Бұл - бізге белгілі себептері ғана. Бұдан бөлек адамдарға беймәлім тылсым себебі де бар екен. Оны пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм арқылы біліп отырмыз. Сахаба Әбу Һурайра риуаят еткен «сахих» бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм былай деген:

«Жаңа туған сәбидің дүниеге келгендегі шыңғыруы – шайтанның  түйреуі себепті болады»[1].  

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен аталмыш хадистің басқа бір нұсқасында былай делінеді:

«Әрбір туған баланы туылған сәтінде шайтан түйрейді. Сосын бала шайтанның түйреуінен шыңғыра бастайды. Тек, Әзіреті Мариям ұлы Исаны және оның анасын (Мариям) ғана шайтан түйремеген»[2].

Осы хадисті риуаят еткеннен кейін Әбу Һурайра былай дейді: «қаласаңдар мына аятты оқыңдар: « Инни уғизуһә бикә уә зүрриятәһә минәш шәйтонир ражим»[3].  

Мағынасы: «(Мариямның анасы раббысына жалбарынып) Раббым, оны (Мариямды) және ұрпақтарын (Иса пайғамбарды) қуылған шайтанның кесірінен сақта деп, сенен пана тілеймін»


[1] Сахих Муслим. 
[2] Сахих Муслим: Китабуль Фазаил - №2366.
[3] Құран Кәрім, Әли Имран сүресі, 36 аят. 

Абдусамат Қасым