Неге "ахмадия" ағымындағылар Исаны (ғ.с.) өлді дейді? (Сұхбат)
Неге "ахмадия" ағымындағылар Исаны (ғ.с.) өлді дейді? (Сұхбат)
8 жыл бұрын 10440

-Әссәләмуғалейкум! Мен Алматыдан хабарласып тұрмын. Сіздердің сайттарыңыздан «ахмадия» ағымы жайында оқыдым. Бірақ, қанағаттанарлық жауап таба алмадым. Менің бір танысым осы ағымға кіріп кеткен. Оның айтуынша, Мәһди мен Иса бір адам. Мәһди пайғамбар екен... Осының төңірегінде сұрақтарым бар еді, рұқсат етсеңіз қойсам. Тек, сұранарым, әрқайсысына ләж болса, Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінен дәлел келтірсеңіз, сілтемелерін бере отырып.

-Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Құрметті сұрақ сұраушы, алдымен мынаны айта кетелік: Ахмадия XIX-ғасырдың соңына таман (1880) Үндістан жерінде ағылшындардың ықпалымен пайда болған ағымның аты[1]. Құрушысы Мырза Ғұләм Ахмад (1835—1908 ж.ж.) деген адам. Ағымның басқа бір атауы «Қадияния» болып табылады.  Қадияния ағымының іргесі Мырза Ғұләмның пайғамбарлығы негізіне қаланған. Мырза Ғұләм Исламдағы «Мұхаммед ғалейһис сәләм – ең соңғы пайғамбар» деген сенімді жоққа шығарып, өзін пайғамбар деп әйгіледі.

Осы орайда, ескі тарих кітаптарында орын алған бір оқиғаны баяндап өткім келіп отыр:

Харун Рашидтің ұлы Абдулла Мә’мүнның  (м. 786-833 ж.) патшалығы кезеңінде бір әйел өзін пайғамбар деп жария етеді. Сосын ол әйелді патша Мә’мүнның құзырына алып келеді. Патша Мә’мүн одан:

- Сен кімсің? – деп сұрайды.

- Мен - Фатима Пайғамбармын!  – деп жауап береді ол. Сонда, Мә’мүн:

- Сен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) алып келген нәрселеріне сенесің бе? – деп сұрайды.

- Иә, сенемін. Оның алып келген барлық нәрсесі – ақиқат.

- Олай болса, Мұхаммед ғалейһис сәләм «Менен кейін пайғамбар болмайды» деп айтқан.

- Онысы рас. Алайда, Ол (ғ.с.) «менен кейін әйел пайғамбар болмайды» деген бе?! – деп хадистегі айтылған сөздің ер кісілерге қатысты екендігін, әйелдерден пайғамбар туындауы мүмкін екендігін айтпақшы болады. Оның бұл сөзіне патша Мә’мүн екі бетін жауып тұрып қатты күледі де айналасындағыларға кекесінмен: «Мен жеңілдім. Кімнің дәлелі бар болса, келтірсін», - деген екен[2].

«Ахмадия» ағымы десе, менің ойыма бірден осы оқиға келеді. Мырза Ғұләмның пайғамбарлығына имандай сенген жақтастарына да хадистерді дәлел етіп көрсетсең құлақ аспай, қабыл етпейді. Немесе оқиғадағы әйел секілді өздерінше бұрмалай жорамалдап «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің кебін келтіреді.

-  Бірінші сауалым: Имам Мәһди мен Иса пайғамбар екеуі екі бөлек адам ба?

- Екеуі екі бөлек адам. Мұны бірнеше хадистерден байқауға болады. Атап айтсақ:

  المهدي من عترتي من ولد فاطمة  

«Мәһди менің ұрпағымнан шығады, қызым Фатиманың балдарынан», - деген[3]. 

Ал, Иса пайғамбар Мәриямның ұлы.

Басқа бір хадисінде:     

 ينزل عيسى بن مريم، فيقول أميرهم المهدي: تعال صل بنا، فيقول: لا، إن بعضهم أمير بعض، تكرمة الله لهذه الأمة

«Мәриям ұлы Иса түскенде (янзилу) мұсылмандардың әмірі Мәһди былай дейді: «Кел, бізге намаз өткіз (яғни, намазда имам бол)». Иса пайғамбар: «Жоқ, олардың кейбіреулері кейбірінің әмірі. Ол Алланың осы үмметке берген сыйы» дейді»[4].

Тағы бір хадисінде:

منا الذي يصلي عيسى بن مريم خلفه

«Артында Мариям ұлы Иса ұйып намаз оқитын адам - бізден»[5]

  

- Келесі сауалым: Мәһди имам ба, әлде, пайғамбар ма? Досым бір хадис айтты. Онда былай делінген екен: «Менімен Мәһдидің арасында пайғамбар жоқ». Оның айтысына қарағанда, бұл хадис Маһдидің пайғамбар екендігін білдіріп тұр екен. Сіз не дейсіз осыған?

- Біріншіден, досыңыз айтқан хадистің түп нұсқасында «Мәһди» сөзі жоқ. Хадистің арапша мәтінінде «Ләйсә бәйни уә бәйнәһу нәбии – Менімен оның арасында ешқандай пайғамбар жоқ» делінген. Осындағы «Оның» сөзі Иса пайғамбарды білдіріп тұр. Хадистің жалғасында былай делінеді:

لَيْسَ بَيْنِي وَبَيْنَهُ نَبِيٌّ يَعْنِي عِيسَى ، وَإِنَّهُ نَازِلٌ فَإِذَا رَأَيْتُمُوهُ فَاعْرِفُوهُ رَجُلٌ مَرْبُوعٌ إِلَى الْحُمْرَةِ وَالْبَيَاضِ بَيْنَ مُمَصَّرَتَيْنِ كَأَنَّ رَأْسَهُ يَقْطُرُ ، وَإِنْ لَمْ يُصِبْهُ بَلَلٌ ، فَيُقَاتِلُ النَّاسَ عَلَى الْإِسْلَامِ فَيَدُقُّ الصَّلِيبَ وَيَقْتُلُ الْخِنْزِيرَ وَيَضَعُ الْجِزْيَةَ وَيُهْلِكُ اللَّهُ فِي زَمَانِهِ الْمِلَلَ كُلَّهَا إِلَّا الْإِسْلَامَ وَيُهْلِكُ الْمَسِيحَ الدَّجَّالَ ، فَيَمْكُثُ فِي الْأَرْضِ أَرْبَعِينَ سَنَةً ثُمَّ يُتَوَفَّى فَيُصَلِّي عَلَيْهِ الْمُسْلِمُونَ 

«Менімен оның арасында пайғамбар болмайды. Сөзсіз, Ол (Иса) түседі. Оны көргендей болсаңдар біліп жүріңдер: Орта бойлы. Қызыл шырайлы. Екі сарғыш киіс арасында (екі сарғыш киім киген). Ешқандай дымқылдық тимесе де басынан тамшы тамып тұрғандай (шашы бар. Шашы таптаза жылтылдап тұрады). Ислам үшін адамдармен (дұшпан болғандармен) соғысады. Айқышты (крест) талқандайды. Доңыздарды өлтіреді. Жизияны алмайды. Оның уақытында Исламнан басқа діндерді Алла жоқ етеді. Ол (Иса ғ.с.) Дажжалдың көзің құртады. Иса (ғ.с.) жер бетінде қырық жыл болып, қайтыс болады. Мұсылмандар оның жаназасын оқиды»[6].

Екіншіден, Мәһди пайғамбар емес. Мәһди жайында хадистерде көбіне «имам» (басшы), «әмир» деп келеді. Мысалы, «Сахих Мүслимде» келген бір риуаятта: فَيَنْزِلُ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَيَقُولُ أَمِيرُهُمْ تَعَالَ صَلِّ لَنَا делінген.

Оның мағынасы: «Мариям ұлы Иса (с.а.у.) түседі. Сонда, мұсылмандардың әмірі оған: «Кел. Намаз өткіз», - деп айтады...»[7].

Басқа бір хадисте Мәһдиге Имам, яғни,көшбасшы сөзі қолданған:

كيف أنتم إذا نزل ابن مريم فيكم, وإمامكم منكم

«Араларыңа Иса пайғамбар түсіп, басшыларың сендерден болғанда, қандай халде боласыңдар (көрелік)»[8].

Осы жерде бір нәрсеге назар аудартуды жөн санап отырмын, хадистерде Иса пайғамбар жайында айтылғанда «нузуль-түсу» етістігі қолданылады. Ал, Мәһди жайындағы хадистердің бір шамасында «хуруж-шығу» етістігі қолданылады.

-  Досымның айтуы бойынша, бір хадис бар екен. Онда Мұхаммед пайғамбар өзінен əуелі келген Иса пайғамбар жайында баяндаған. Одан кейін ахыр заман уақытында келетін Иса (ғ.с.) жайында сөз етеді екен. Осындай хадис бар ма? Түсіндіріп өтсеңіз!

- Иса пайғамбар жайында айтылған ондаған хадистер бар. Олардың бір шамасында Иса пайғамбардың түр әлпеті, дене-бітімі сүйреттелсе, кейбірінде істейтін істері жайында айтылады. Бірақ, ахыр заманда көктен түсетін Иса пайғамбар Мариям ұлы Иса болып табылады. Мұны жоғарыдағы хадистерден де көрдіңіз.

Тағы айта кетелік, ахыр заманға қатысты хадистерде Иса жайында айтылғанда «янзилу-түседі» етістігі қолданады. Мұның өзі Иса пайғамбардың көктен түсетіндігін көрсетеді. Мырза Ғұләм секілді Үндістанда, моғол ұрпағынан тараған бір отбасыда дүниеге келеді делінбеген ешқандай хадисте. Сондай-ақ, хадисте Мәһди менің ұрпағымнан болады деп тұр. Мырза Ғұләмның Пайғамбар ұрпағына  қатысы жоқтығы бәріне мәлім.

- Иса (ғ.с.) да өзге пайғамбарлар секілді өлді, көкке көтерілмеді дегенге не дейсіздер? Әли Имар сүресіндегі, 144-аят Иса пайғамбардың өлгендігіне дәлел бола ала ма?

- Құрметті сұрақ сұраушы, бүкіл Ислам ғұламаларының сенімі бойынша, Алла Иса пайғамбардың жанын алмай, көкке көтерді. Бұл жөнінде, Ислам ғұламаларының ижмасы бар. Және Исаның көктен түсетіндігін айтқан хадистер де өте көп, мүтәуәтір дәрежесіне жеткен. Беделді Ислам ғұламасы Ибн әл-Хафиз Атия әл-Әндулусия былай дейді:

«Мүтәуәтір хадистердің мазмұнына қарай отырып, мұсылман үмметі ижма етті (бəрі бір ауыздан құптады): Иса (ғ.с.) көкте, ол - тірі. Ол ахыр заманда жерге түседі» деп».

Құран Кәрімге қарағанда Исаны өлді деушілер Яһудилер. Құдайдың Яһудилердің жүрегіне мөр басуының бір себебі де осы. Құран Кәрім, Ниса сүресінде былай делінеді:

«Және олардың «Алланың елшісі Мариям ұлы Исаны өлтіргеніміз анық» деген сөздері себепті жүректерін мөрледік. Олар оны өлтірмеді де, айқышқа кермеді. Бірақ, оларға (басқасы) ұқсатылды (Исаны емес, соған ұқсас басқа біреуді өлтірді). Шынында, Иса жайында пікір таластырып жүргендер, сөзсіз күдік ішінде. Олардың оған байланысты білімдері жоқ. Ой-болжамның ғана соңында. Ақиқатында олар оны өлтірмеді (немесе олар оны анық өлтірмеді). Керісінше Алла Исаны өзіне көтерді. Алла өте үстем, аса дана»[9].

Демек, аятта ашық баян етілгендей, Исаны ешкім өлтірмеген. Алла оны өз жағына көтерген. Ал, ол жайында пікір-таластырып жүргендер құр ой-қиялдарының соңында жүр. Шынында да,  Исаны өлді деп есептейтін Ахмадияларда ешқандай нақты дәлелдері жоқ. Құр ғана, көсемдері Ахмад Ғұламның ой-қиялынан туған сөздері ғана.

Және аятта Исаны өлді деушілердің адасатындығына ишара етіліп тұр.

Хадистен дәлел келтірер болсақ, Ибн Әби Шәбәнің хадистер жинағында орын алған бір сахих риуаятта Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Шынында Иса үйдің терезесінен көтерілді».  Бұл риуаят сахаба сөзіне жатпайды. Өйткені, сахаба Пайғамбардан естімесе, мұндай нәрсені өз ойымен айтпас еді. Сондықтан да, бұл – «марфуъ» хадис үкімінде дейді ғұламалар.

Ал, сіз сұрап отырған Әли Имран сүресі 144-аят, біздің тақырыпқа еш қатысы жоқ. Ол аятта Мұхаммед пайғамбардың да адамдар секілді өлімді тататындығы, мәңгі емес екендігі, Ол (с.а.у.) өлсе де, Жаратушы Алла мәңгі тірі, Ислам қияметке дейін жалғасатындығы айтылып тұр.

Ахмадиттердің көбінесе дәлел ретінде көрсететін аят - Әли Имран сүресіндегі 55-аят. Онда «Уа, Иса! Мен сені алып (мүтәуәффикә) өз жағыма көтерушімін...» делінген. Аяттың арапша мәтінінде «мүтәуәффикә» деген сөз бар. Осы сөздің түбірі екі мағынаны білдіреді, бірі - «ұстап, алу», екіншісі – «жанын алу». 
Демек, «мүтәуәффи» сөзі Усуль ғылымында «мүштәрәк» сөздер категориясына жатады. Яғни, бір өзі әртүрлі мағыналарды қамтитын сөздер категориясы. Қағида бойынша, мұндай сөздердің үкімі: айқындаушы және анықтаушы өзге дәйек табылғанша «тәуаққуфты»-«тұрақтауды» керек етеді. Біздің жағдайда айқындаушы, анықтаушы дәйек – ол, жоғарыдағы келтірілген Ниса сүресіндегі, 157-158 аяттар. Аталмыш аяттарда ешқандай бөтен мағынаны тудырмайтындай, ашық-анық: «олар оны өлтірмеді» делініп тұр. Ендеше, "жанын алу" деген мағынасын емес, "ұстап, алды" деген мағынасын таңдауымыз ләзім.  

Ахмадиттердің көп дәлел ретінде көрсететін аят - Әли Имран сүресіндегі 55-аят. Онда «Уа, Иса! Мен сені алып (мүтәуәффикә) өз жағыма көтерушімін...» делінген. Аяттың арапша мәтінінде «мүтәуәффикә» деген сөз бар. Осы сөздің түбірі екі мағынаны білдіреді, бірі - «ұстап, алу», екіншісі – «жанын алу».

Демек, «мүтәуәффи» сөзі Усуль ғылымында «мүштәрәк» сөздер категориясына жатады. Яғни, бір өзі әртүрлі мағыналарды қамтитын сөздер категориясы. Қағида бойынша, мұндай сөздердің үкімі: айқындаушы және анықтаушы өзге дәйек табылғанша «тәуаққуфты»-«тұрақтауды» керек етеді. Біздің жағдайда айқындаушы, анықтаушы дәйек – ол, жоғарыда келтірілген Ниса сүресіндегі, 157-158 аяттар. Аталмыш аяттарда ешқандай бөтен мағынаны тудырмайтындай, ашық-анық: «олар оны өлтірмеді» делініп тұр. Ендеше, "жанын алу" деген мағынасын емес, "ұстап, алды" деген мағынасын таңдауымыз ләзім. 

Құрметті сауал жолдаушы, әр нәрсенің өзінің жолы бар. Құран аяттарын түсіну үшін де дін ғылымдарына жетік болуымыз керек. Араб тілі тіл ғылымы, "Усулуддин" ғылымы, «Тәпсір Усулі» ғылымы, «Фиқһ Усулі» ғылымы, «Хадис Усулі» ғылымы т.б. Ислами ғылымдарды керекті дәрежеде білмеген кісі Құран аяттарын өзінше жорамалдайтын болса, теріс кетері даусыз.   

- Неге ахмадия ағымындағылар Исаның өлгенін, көкке көтерілмегенін осынша дәлелдеуге тырысып бағуда?

- Оның себебін қысқаша былай деп түсіндіруге тырысайық: 

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Мырза Ғұләм өзін пайғамбар деп әйгілеп, Алладан тікелей уахи алатындығын әлемге жар салды. Алла тарапынан оған бөлек «әл-Китабуль Мубин» есімді Кітап түскенін айтты.  

Бірақ, Мырза Ғуләм, өзінің пайғамбарлығын жаңа бір атпен көрсетуден гөрі, мұсылман жұртшылығы жатырқамайтын, оларға кішкене күндерінен таныс есіммен шыққанды дұрыс көрді. Ол сахих хадистерде келтірілген, ахыр заманға таяғанда ортаға шығатын «Мәһди» деген адамның есімі мен көктен түсетін Иса пайғамбардың есімін пайдалануды жөн санады. Осылайша өзін «әл-Маһди Мунтазар – Күтілген Мәһди» және «Иса масих» деп әйгіледі («Рухани Қазыналар» атты кітабы мен «Уахидің ақиқаттығы» атты кітабында).

Ендігі жерде, хадистерде Иса пайғамбардың көктен түсетіндігі айтылса (янзилу), Құран аяттарында Иса пайғамбардың өлмегенін, Алла тағала оны тірідей көкке көтергені ашық баян етілген (Құран Кәрім, Ниса сүресі, 157-аятында).  Бұл сенім өз кезегінде, Мырза Ғұләмнің «мен - Иса пайғамбармын» деген ойын өтірікке шығарады. Өйткені, Мырза Ғұләм көктен түспеді. Өтірігі әшкере болатындығын сезген ол, бірден, Иса пайғамбардың «көкке тірідей көтерілгендігін» өтіріксініп, осы жайында айтылған Құран аятын бұрмалады.  Ал, хадистегі «нузул-жоғарыдан түсу» сөзіне – «Исаның ұқсасы келеді» деген мағына берді. Кейінірек «Исаның ұқсасы» болуды азсынып, өзін Құранда айтылған Мариям ұлы Исаның дәл өзі екендігін баян етті. Мырза Ғұләм бір сөзінде былай деген екен:

«... Міне осы күтілген Иса. Илһам (аян) сөйлемдердегі айтылған  Мәриям мен Иса – ол, мен. Менен басқа ешкім емес»[10].    

Құрметті сауал жолдаушы, аталмыш ағымның мұсылманшылықпен еш үйлеспейтіндігі айдан анық. Оны Мырза Ғұламның жазған кітаптарынан ашық көруге болады. Бұлардың бір екі хадис-аяттарды дөрекі түрде бұрмалап, өздерінің сеніміне көлденен тартуларын, мен өз басым,  христиан дініндегі «үштік құдай» сенімінің ақиқаттығын хадис-аятпен дәлелдеуге тырысқан шіркеу әкейінің әрекетіндей көремін. Немесе, Гаутама Будданың киелілігін хадис-аятпен дәлелдегісі келген Будда дін өкілі сияқты көремін.

Аталмыш ағымдағылар үшін Құран яттары мен Сахих Хадистер мызғымас екі іргелі негіз ретінде саналмайды. Олар үшін бірінші кезекте - Мырза Ғұләмнің айтқандары. Оның айтқандарына сенбеген адам мұсылман емес. Деректерге сүйенсек, ол бір сөзінде былай деген екен:

«Менің аяндарыма (илһам) қайшы келген хадистер – керексіз қағаздармен бірге қоқыс жәшігіне лақтыруымызға лайық»[11]

- Менің досым маған өте қымбат. Сондықтан да, оған дәлелдерді көрсеткім келеді. Оның да «әһли сунна» жолында болғанын қалаймын. Бірақ, Алла сақтасын, егер, дәлелдерді көрсетсем де  өз дегенінен қайтпай, қабыл етпей жатса, оны адасушы дей аламын ба? Айтайын дегенім, біз екеуміз бірге намаз оқығанда (ханафи мәзхабы бойынша оқиды), оған ұйып парызды оқуға бола ма? Ол Ханафи мәзхабымен оқыса да, мазхабты мойындамайды... «Тавтологиям» үшін кешірім өтінемін. Егер, сайтқа жария етер болсаңыздар есімімді көрсетпеулеріңізді сұраймын. Ұлы  Алла тағала Сіздерден разы болғай.

- Менің ойымша досыңыз әлдебіреулердің азғыруына түсіп қалған. Сондықтан да, оны жергілікті мешіт қызметкерлерімен немесе ілімді адамдармен кездестіріп, сөйлестіргеніңіз дұрыс. Өзіңіз де, білгеніңізше оған дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысыңыз. Ләж болса, мешіттердегі немесе басқа да ғылыми жиындарға ілестіре барып, дұрыс адамдармен мәжілістес болуына жәрдемдесіңіз.  

Алла тағала баршамызды өзінің хидаятынан айырмасын. Әлһамдулиллаһи раббил ғалямин.  


[1] http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/2-4.htm#_ftn1: Аталмыш ағымның сорақы нанымдары Исламның сенім негіздерімен еш үйлеспейтіндіктен мұсылман ғұламалары, оның ішінде "Бүкіл әлемдік Ислам фиқһ Ұйымы", Мырза Ғұләм Ахмад және оның ізбасарларын «мұсылман емес» деп таныды*.
[2] Шиһабуддин ән-Нуәйри: Ниһаятул әрәб фи фунуниль әдәб.
[3] Әбу Дәуід, «Китабуль Мәһди». №4284.
[4] Ахмад ибн Ханбәл - №14762 хадис.; Табарани, Муъжамуль әусат, №9078 хадис. Иснәдуһу жәйд – Келу жолы жақсы. Руатуһу Сиқат – Риуаятшылары сенімді.
[5] Әбу Нағим, «Әрбағуна филь Мәһди», №64. Сахих.
[6] Әбу Дәуід - №4324 хадис. Әбу Һурайрадан жеткен.
[7] Сахих Муслим: Китабуль Иман, №156 хадис.
[8] Бухари - №3440; Муслим - №155
[9] Ниса сүресі, 157-158 аяттар.
[10] islamweb.net/
[11]كشف الأسرار الخفيّة في عقيدة القاديانية

Абдусамат Қасым