Намаз оқымаймын, иманымды қалай сақтаймын?
Намаз оқымаймын, иманымды қалай сақтаймын?
3 жыл бұрын 896

Ассалаумағалейкум уа рахматуллах! Мен өзім намаз оқымаймын, бiрақ ниетiм бар... Алайда намаз оқығаныма дейiн иманымды қалай сақтап жүрсем болады? Алла разы болсын,сiздерге! Мейрамбек О.

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!

Мейрамбек, кім де кім жаратушы Алланың барлығына, бірлігіне және Мұхаммед (ғ.с.) Оның пайғамбары екендігін жүрекпен қабыл етіп, тілмен мойындаса, ол кісіні мүмин-мұсылман дейміз. Сондықтан, сіз Алланы бір деп, Мұхаммед (ғ.с) оның елшісі екендігіне, Құранды Алланың сөзі деп сенсеңіз, намаз оқымау себепті иманнан шықпайсыз, мұсылман болып қала бересіз, яғни иманыңызды жоғалтпайсыз.

Дегенмен, намазды оқымау ауыр күнә қатарынан саналатынын да білгеніңіз жөн. Өйткені, Жаратушыны тек мойындап қана қоймай, Оған шынайы құл бола алу да маңызды. Ал, шынайы құл болудың бірден бір жолы – намаз.

Алла тағала Фурқан сүресінде: «Айт! Егер құлшылықтарың болмаса, Раббым сендерді не деп бағаласын...»[1], – деу арқылы тек иман етіп қана қоймай Оған ғибадат етудің де маңызды екенін баса айтуда.

Сондай-ақ,  намаз – біріншіден, бүкіл әлемнің жаратушы иесі Аллаға, Оның шексіз құдіретіне бас иіп өзін Оның құлы екендігін мойындау болса, екіншіден, жаратушының сансыз нығметіне шүкіршілік етуінің көрінісі десек қателеспейміз. Алла тағала Құранда: «Мен адамдарды және жындарды өзіме құлшылық ету үшін жараттым»[2], –  деу арқылы да мінәжат етіп, Оған құлшылық етуге шақыруда.

Ендеше, жақсы ниетіңізді іс жүзінде жалғастырып, жақын арада намаз оқуды бастағаныңыз дұрыс.

[1] Фурқан – 77аят.
[2] Зарият – 56 аят.

Абдусамат Қасым