Мүлк сүресіндегі «Мән фис сәмәә’» сөзі, «Алла аспанда» дегенге дәлел ме?
Мүлк сүресіндегі «Мән фис сәмәә’» сөзі, «Алла аспанда» дегенге дәлел ме?
8 жыл бұрын 12540

Әссәләмуғалейкум! Бір нәрсе сұрасам бола ма? Бір сәләфит жіберген еді мына сүрелерді. Осы сүрелердің тәпсірі бар ма, мәзхаб бойынша айтылған? Немесе осыған қатысты жазылған жауап болса, білсеңіздер айтасыздар ма! Оның жібергені: 

Алла аспандардың үстінде! Құраннан дәлелдер:

1. "Нахл" сүресі, 50-аятта Аллаһ Тағала былай дейді:  يَخَافُونَ رَبَّهُمْ مِنْ فَوْقِهِمْ - "Олар олардың үстінде болған (мин фауқи-һим) Раббыларынан қорқады" 

2. "Мулк" сүресі, 16-шы және 17-ші аяттарда Аллаһ Тағала былай дейді:
  أَأَمِنتُم مَّن فِي السَّمَاءِ أَن يَخْسِفَ بِكُمُ الْأَرْضَ فَإِذَا هِيَ تَمُورُ (16) أَمْ أَمِنتُم مَّن فِي السَّمَاءِ أَن يُرْسِلَ عَلَيْكُمْ حَاصِبًا فَسَتَعْلَمُونَ كَيْفَ نَذِيرِ - "Жер теңселген сәтте аспанның Үстіндегі (Жоғарыдағы).

Асылхан Сайынов

 

Уәғалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Асылхан, алдымен мынаны ұмытпауымыз керек: Жаратушы иеміз «Лә мәкән»-мекенсіз. «Уә Лә зәмәән» - заманға, уақытқа тәуелді емес. «Лә тәхуиһиль жиһәтус-ситту, кәсәә’ириль мүбтәдәаат» - Оны өзге жаратылыстар секілді, алты тарап (жақ, тұс) қамтымайды. (Ақида Тахауия).

«Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып Алла тағала (әзәлден) бар еді. «Қайда» жоқ кезде, Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді)...» (Әбу Ханифа. Фиқһуль Әкбәр).

Және «кімде-кім «Раббым көкте ме, әлде жерде ме екенін білмеймін» дейтін болса, ол кәпір болады...». (Әбу Ханифа. Фиқһуль Әбсат). «Өйткені бұлай айтқан адам негізінде екеудің біреуін (көкті немесе жерді) Алланың мекені ретінде санап тұр». (Шарху китаби Тәһзибил Иътимад фил Иътиқад.)

Демек, сіз сұрап отырған аяттардан «Алла көкте» деген түсінік қалыптастыру қауіпті, әрі, күпірлікке жетелейтін ұғым[1].

Ендеше, жоғарыдағы аяттарға қалай мағына беруге болады?

Нахл сүресінің, 50-аятындағы «Яхаафуна Раббаһум (Жердегі жануарлар мен періштелер Раббыларынан қорқады) Мин фауқиһим (төбелерінен қорқады)» деген аятқа: «Олар төбеден жауатын Раббыларының жазасынан және азабынан қорқады» деп түсініктеме беруге болады. Себебі, жойып жіберуші азап көктен  түседі. (Құртуби тәпсірі)[2].

Құранның басқа бір аятында Жаратушымыз: «Ол, сендерге үстеріңнен (мин фауқиһим) немесе аяқтарыңның астынан азап жіберуге күші жетеді...»[3], - деген. Осы аят біздің беріп өткен түсіндірменің ақиқатқа жанасатынына дәлел. 

Ал, Мүлік сүресіндегі (16,17 аяттардағы) «Мән фис сәмәә’» - «көктегінің» деген сөздің, «Алла аспанда» дегенге дәлел емес. Аталмыш сөздің мағынасы, Имам Мәтуриди (р.а.) тәпсірлегендей,  «Иләһус сәмәә’ - көктің құдайы» деген ұғымда айтылуда десек қателеспеспіз. Бұл жерде Алла тағала өзін көктің де құдайы екенін білдіруде. Яғни, Ол, көктің де Құдайы, жердің де құдайы. (Тә’уиләтуль Құран)[4].  

Немесе, аяттағы «мән фис сәмәә’» сөзін, «Халиқу мән фис сәмәә’», яғни, «көктегілерді жаратушы» деп аударуға болады.

Ал, аталмыш аяттағы «Мән фис сәмәә’» сөзін «Алла аспанда» дегенге топшылау үлкен қате. Неге десеңіз, аяттағы «фии» шылауы көбіне бір нәрсенің ішіндегіні білдіреді. Егер, оны тікелей мағынада алсақ: «Алла аспан әлемінің ішінен орын тепкен. Оның жән-жағынан аспан әлемі қамтып тұр» деген пікір қалыптастырады. Бұл - өрескел қате, «таухид» сенімінің тамырына балта шабатын түсінік. 


[1] «Алла тағала Аршта» немесе «аспанда» деу Алла тағала мекенге мұқтаж дегенге саяды. Ал, бұл дегеніміз бұрын болмаған орынды жаратып, кейін сол орынға орнықты, яғни бір құбылыстан екінші құбылысқа ауысты, өзгерді деген сөз. Жаратушыға «өзгеріске ұшырау» немесе «бір құбылыстан екінші құбылысқа ауысу» деген қасиеттер жат. Бұлар жаратылыстарға тән сипаттар. Алла тағала одан пәк.
[2] Құртуби тәпсірі, Нахл сүресі, 50 аят.; Байдауи тәпсірі, Нахл сүресі, 50 аят;
[3] Әнғам сүресі, 65 аят.
[4] Имам Мәтуриди, Тә’уиләтуль Құран, Мүлк сүресі. 

Абдусамат Қасым