Миғраж оқиғасын жоққа шығарған адам кәпір бола ма?
Миғраж оқиғасын жоққа шығарған адам кәпір бола ма?
5 жыл бұрын 6901

Ассалаумағалейкүм уа рохматуллах уа баракатух! Қабір азабына және миғражға сенбейтін адамның үкімі кандай? Айдос Тәжиман.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Меккедегі «Харам» мешітінен, Палестинадағы «Ақса» мешітіне дейін Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жасаған түнгі сапарын, яғни «Исра» оқиғасын жоққа шығарған адам кәпір болады. Ал Алла елшісінің көкке көтерілуін, яғни «миғражды» өтіріксінген мұсылман ‒ бидғатшы, адасқан атанады, бірақ кәпір болмайды[1]. Өйткені, «Исра» оқиғасы –  бұлтартпас «қатғи дәлелмен», яғни Құран аятымен нақтыланған дүние. Қағида бойынша, бұлтартпас дәлелмен нақтыланған дін негізін жоққа шығару – кісіні діннен шығарады. Бұл аятты өтіріксіну болып табылады.

«Миғраж» болса, , яғни, Пайғамбарымыздың көкке көтерілу оқиғасы «мәшһур хадиспен» бізге жеткен. Мәшһур хадиспен бекітілген дін негізіндерін жоққа шығарушы адам ‒ кәпір емес, бидғатшы, теріс жолдағы адам ретінде саналады[2]. Сондықтан, миғражды өтіріксінген адам кәпір емес дейміз. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген:

«Миғраж жайындағы хабар (мәлімет) – ақиқат. Кім оны жоққа шығарса, ол – адасқан, бидғатшы»[3].

(Қабір азабын жоққа шығарушыға да Мәтуриди ғалымдары «бидғатшы, адасқан» деп баға берген. Кәпір демеген[4]. Қабір азабын кезінде «Мұғтәзилия» атты діни‒философиялық ағым өкілдері өтіріксінетін. «Әһли сүнна уәл жамағат» болса, яғни «Сүнниттер» қабір азабын ақиқат деп біліп, оған сенеді. Себебі, ол жайында көптеген хадистер келген. Қабір азабына қатысты келген риуаяттарды жекелеген түрде алып қарағанда «мүтәуәтір» дәрежесіне жетпегенімен, «мағына» жағынан алғанда «мүтәуәтыр хадис» деп танылған[5]).

Демек, «миғраж» оқиғасын өтіріксінген адам кәпір саналмаса да, сүнниттік жолынан қия басқан, бидғашы саналады. Ал, «Исра» оқиғасын өтіріксінген адам, мұсылманшылықтан шығып, кәпір болады, өйткені, ол Құран аятын өтіріксінген болып отыр. 


[1] Ибн һүмәм. «Фәтхуль Қадир».
[2] Имам Ағзам Әбу Ханифа: әл-Фиқһул Әкбәр.
[3] Имам Тәфтәзани: Шархуль Ақидатун Нәсәфия. 91 бет.
[4] Әл-Хаким әс-Сәмарқанди: Сәуәдуль Ағзам.
[5] Имам Тәфтәзани: Шархуль Ақидатун Нәсәфия. 67 бет

Абдусамат Қасым