«Менің иісімді иіскегісі келген адам раушан гүлін иіскесін» деген хадис дұрыс па?
«Менің иісімді иіскегісі келген адам раушан гүлін иіскесін» деген хадис дұрыс па?
7 жыл бұрын 9273

Әссәләмуғалейкум! Пайғамбарымыз: «Менің иісімді иіскегілерің келсе, раушан гүлін иіскеңдер. Өйткені, мен миғраж түні аспанға көтеріліп жатқанда терлеп бір тамшы жерге түскен. Содан раушан гүлі өсіп шықты», - деген екен. Осы хадис рас па? Еламан

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бұл хадис шиіттердің (шиялардың) хадис кітаптарында кездеседі[1]. Және мұның Айша анамыздан, Әзіреті Әлиден, Әзіреті Әнәстан (р.а.) жеткен деп көрсетілген бірнеше нұсқалары бар. Алайда, хадисші ғұламаларымыз оларды «жалған хадистер» категориясына жатқызған. Осыған қатысты Имам Суюти (р.а.) былай дейді:  

«Раушан гүлі жайында айтылған риуаяттардың бәрі дерлігі ойдан шығарылған, жалған хадистер. Солардың ішінде, Әзіреті Әлиден «марфуъ» күйінше риуаят етілген мына хадис те бар. (Онда Пайғамбар (с.а.у.) былай депті-мыс): «(Миғраж түні) Мені көкке көтерген уақытта, менің үстімнен бір тамшы тер жерге түсіп, содан раушан гүлі өсіп шықты. Сондықтан да, менің иісімді иіскегісі келген адам, раушан гүлін иіскесін»»[2]. 

Ендеше, аталмыш риуаятты хадис ретінде таратып, елге жаюдан аулақ болған дұрыс. Әлдебір хадистің жалған екенін біле тұра «хадис» ретінде тарату харам болып табылады. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахих бір хадисінде: "Кім менің атымнан әдейі жалған сөйлетін болса, тозақтағы орнына дайындала берсін", - деп қатаң ескерткен[3]. Басқа бір сахих хадисте: "Кімде-кім менен өтірік екендігі білініп тұрса да хадис риуаят етер болса (жалған екендігін біле тұра өзгеге айтса "хадис" деп), ол да өтірікшілердің бірі болып табылады", - делінеді[4]


[1] Хусайн ибн Бустам (шиіт): Тиббуль Әимма.
[2] Имам Суюти (сүннит): Хуснуль Мухадира.
[3] Бухари - №1291 хадис.
[4]
 Мүслім; Ибн Мәжә - №38 хадис.

Абдусамат Қасым