Мариям анамыз тұрмысқа шыққан ба?
Мариям анамыз тұрмысқа шыққан ба?
7 жыл бұрын 10538

Әссәләмуғалейкум! Бәрімізге белгілі Алла Тағала өзінің құдірет-күші арқылы Мариям ғ.с. құрсағына Исаны салды. Мариям анамыз Иса пайғамбарды дүниеге әкелгеннен кейінгі жағдайы қандай болған? Мариям тұрмысқа шыққан ба? Гауһар.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Христиан сеніміндегі Иосифтің (Юсуф) жұбайы болған деген мәліметті Құран Кәрім жоққа шығарады. Құран бойынша, Мариям анамыз Исаны дүниеге әкелмей тұрып ешкіммен тұрмыс құрмаған. Бұған қатысты Құран Кәрімдегі аятта Жебірейіл періште адам кейпінде Мариямға (ғ.с.) келіп, Исаны дүниеге әкелетіндігін хабарлайды. Сол сәтте жас Мариям:

«Маған ешкімнің қолы тиіп көрмесе әрі жеңіл жүрісті болмасам, менде қайдан бала болмақ? » – деді.  «Ол мен үшін оңай нәрсе деген сенің Раббың», - деді періште. – Бұл да адамдарға бір ғибрат әрі шешіліп қойған бір іс еді». (Мариям сүресі, 16-21 аяттар).

Әли Имран сүресінде Әз Мариямның әлгіндей таңданысына періште былай деп жауап береді: «Алла қалағанын осылай жаратады. Әлдебір нәрсенің болуын үкім етсе, оған «Бол» - дейді, ол бола қалады», - деді» (Әли Имран сүресі, 47 аят). 

Одан бөлек Мариям ғалейһәссәләмның кейінгі өміріне қатысты Құранда мәлімет жоқ. Кейбір деректерде Мариям анамыз Иса пайғамбар көкке көтерілгеннен кейін алты жыл өмір сүріп, 53 жасында бақиға аттанғандығы жөнінде ақпар бар. Осы уақыт аралығында тұрмысқа шыққан-шықпағандығы жөнінде нақты дерек жоқ. Дегенмен, Ислами әдебиеттерде Мариям анамыздың есімі аталғанда «әл-Бәтүл» лақабы қоса айтылғанына қарағанда, Оның кейіннен де ешкіммен некелеспегендігін айтсақ қателеспеспіз.

Бәтүл: Ешкіммен некелеспей, өзін құлшылыққа берген әйел ұғымында. 

Абдусамат Қасым