«Лағнет» сөзінің шариғи мағынасы қандай?
«Лағнет» сөзінің шариғи мағынасы қандай?
9 жыл бұрын 25792

Әссәләмуғалейкум!  «Лағнет» дегеніміз не ? Дәурен Мақсұтхан

Уағалейкум ассәләм уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!
«Лағнет» сөзі арабшадағы «لَعْنَةَ–Ләъна» сөзінің қазақша нұсқасы. Ол (ләъна) арап тілінде «لَعْنٌ–Лаън» түбірінен туындайды. Лаън түбірінің ана тілімізге аударғандағы мағынасы «ұзақтату», «жақсылықтан алыстату» дегенге саяды[1].

Сол себепті Бақара сүресіндегі «أُولَـٰئِكَ يَلْعَنُهُمُ اللَّهُ-ууләикә ялъануһумуллаһу...» деген аятқа тәпсіршілер: «Соларды Алла өзінен және рахымынан ұзақтатты» - деп түсіндірме берген.[2]

Арап тілі мамандарының айтуынша, лағнет сөзі Алланың атымен қосылып, «Алла лағынеттеді» деп айтылған уақытта: «Рахымынан ұзақтату, алыстату» дегенді білдіреді. Ал, адамдар қолданған жағдайда, жаман тілекті, теріс батаны, яғни, «қарғыс» ретінде саналады[3]. Қазақшада аталмыш сөз «қарғыс» деген ұғымда қолданған.

[1] Лисанул Ъараб: «Ләън».
[2] Тәпсирут табари: Бақара сүресі, 159-аят.
[3] Лисанул Ъараб: «Ләън».

Абдусамат Қасым