Жұмаққа кіретін ит бар дейді, сол рас па?
Жұмаққа кіретін ит бар дейді, сол рас па?
2 жыл бұрын 7412

Ассәләмуғалейкум! Сұрақ қойсам деген едім. Бір бауырымыз «ит жұмаққа кіреді ме» деген сұрақ қойып еді. Соған не дейсіз? Берік Палуан.

Уағалейкум ассалам! Құрметті Берік, кейбір деректерде жәннатқа кіретін бес жануардың аты аталады (кейбірі он деген). Олар - Асхабул Кәһфтің (үңгір иелерінің) иті[1], Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Исмаилдің (ғ.с.) қошқары,  Салих пайғамбардың (ғ.с.) түйесі, Үзейрдің (ғ.с.) есегі және Пайғамбарымызды (с.а.у.) миғражға көтерген Бұрақ есімді жануар[2].

Дегенмен,  бұл жайында айтылған сахих (дұрыс) хадис жоқ дейді  дін мамандары. Сол себептен аталмыш иттің жәннатқа кіретіндігін нақты кесіп айту қиын.  Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Әсхабул Кәһф – Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.а.у.) бұрын Иса пайғамбардың (ғ.с.) тәлімі негізінде мұсылман болған жас жігіттер. Сенімдері себепті  өздеріне көрсетілген зұлымдықтан қашып, бір үңгірге тығылады. Сол уақытта Алла тағала оларды ұзақ уақытқа ұйқыға жібереді. Олардың оқиғасы Құран Кәрімнің Кәһф сүресінде баян етілген.
[2] Ибн Нужейм: әл- Әшбәх – әл-Фаннус Сәлис минәл Әшбәһ, Қоғидату: әл-Муфрад әл-Музаф илә Маърифатин Лил Ъумум. 

Абдусамат Қасым