Жұма күні қайтыс болған адам пейішке кіре ме?
Жұма күні қайтыс болған адам пейішке кіре ме?
2 жыл бұрын 9331

Сәлеметсіздер ме, сайт ұжымы! Сіздерге қойғым келген сұрағым мынадай: Жұма күні қайтыс болған адам жұмаққа бара ма? Динара. 

Сәлеметсіз бе, қадірменді Динара! Сахаба Абдулла ибн Ъамрдің риуаят етуі бойынша, Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді:

«Қайсыбір мұсылман жұма күні күндіз немесе түнде қайтыс болса, Алла ол пендені қабір азабынан (фитна) құтқарады». [1]

Ғалымдар былай дейді: Жұма - тозақ есіктері жабылып, оты сөнетін күн. Алла тағала кімнің жанын жұма күні алған болса, қабірдегі өмірінің баянды өтетіндігіне дәлел. Бұнымен қатар, жұма күні қайтыс болған кісілерге берілетін сауаптың дәрежесі - Алла жолында шейіт болғандардың сауабымен пара-пара[2].

Ендігі жерде қабір азабынан құтылды деген сөз - қиямет күні пейішке кіреді дегенді білдіреді ме? Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінде:

«Қабір – ақірет өмірінің әуелгі сатысы. Қабір азабынан құтылған адам, одан кейінгі (ақірет) өмірінде де  жеңілдік көреді. Ал, құтыла алмаса, (ақіреттегі) өмірі қабірдегіден де қиын болмақ», -деген[3].  

Айтылған хадистерден мынадай қорытындыға келуге болады: Жұма күні қайтыс болған мүмін-мұсылман Алланың қалауымен қабір азабынан құтылып, қияметте жұмаққа кіреді.   

[1] Тирмизи - №1080 хадис. Хадистің өзі  - «әлсіз». Бірақ өзге де мағыналас хадистердің бар болуы себепті  ғалымдар «хасан» дәрежесіне көтерген.
[2] Тухфатул Әхуази - №1080 хадис түсіндірмесі.
[3] Тирмизи - №2410 хадис.

Абдусамат Қасым