Ислам «селфизмге» (селфиге) қалай қарайды?
Ислам «селфизмге» (селфиге) қалай қарайды?
8 жыл бұрын 14593

Селфиге қатысты нақты пәтуа қандай: рұқсат па, жоқ па? Осыған байланысты толық жауап берсеңіз жақсы болар еді. Сізге Аллаһтың жақсылығы мен берекесі болсын! Ризағали

Құрметті Ризағали, XXI ғасыр – үлкен технологиялық жаңалықтардың ғасыры. XX ғасырда қиял-ғажайып әңгімелерден оқып, фантастикалық фильмдерден көретін, біз үшін «болуы мүмкін еместей» кейбір дүниелер XXI ғасырда қолданыста жүр. Мысалы, сенсорлы ұялы телефондар, планшеттер, виртуалды лазерлік клавиатурасы бар компьютерлерлер, флешка, 3D, 5D, 7D т.б.

Бірақ, әртүрлі заманауи гаджеттермен қоса адам санасында психологиялық құбылыстар мен өзгерістер пайда болды. Сол психологиялық құбылыстардың бірі – селфизм.

Селфи – психологтардың тілімен айтқанда, желілік эксгибиционизм (яғни, өзін-өзі әсіре жақсы көрушілікке, өзін жарнамалауға бейім адамның халі).

Селфиге көбіне өзгенің назары мен ілтипатына мұқтаж жандар құмар болады. Желіге жария еткен селфиіне әлдебіреулердің «лайк» басқанына іштей рахаттанып, өз-өзіне риза бола бастайды. Алайда, мұндай нәрсе адамның рухани кеңістігін одан бетер қаңыратып, аз басылған «лайк» депрессияға алып келеді екен. Психологтар «селфиге» құмар адамдарда «психикалық бұзылу» бар деп есептейді.  

Мамандардың айтуынша, XXI ғасыр – «нарциссизм»* ғасыры. Бұл –адамдарды өзара мәміле жасаудан қалдырып, бұрынғы замандағы достық, туыстық қарым-қатынастардың азаюына әкеліп отыр. Әрине, оған бірнеше фактор себеп. Солардың бірі осы – желілік эксгибиционизм. Отырыстарда достарымызбен шүйіркілесіп әңгіме-дүкен құрудан гөрі, желідегі бір сағат бұрын бөліскен дүниемізге кімнің қанша лайк басқанын қарап шығу маңызды болып тұрады...

(*Нарциссизм - өзін-өзі жақсы көру, өз мүддесін басқалардан жоғары қоюмен сипатталатын мінез-құлық ерекшелігі.)

Шариғи тұрғыда:

Арнайы фотоаппараттың көмегімен суретке түсіру Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында болмағаны мәлім. Сондықтан, қазіргі дін ғалымдарының көпшілігі фотоға қатысты үкімге «ижтихад» жасап, пәтуа шығарды. Олардың көпшілігі фотоға түсуге қарсы емес.

Дегенмен, селфи құр фотоға түсіп қана қою емес, оның астарында өзін өзгеге жарнамалау, өзгенің ілтипатына бөлену, өзінің мәнділігін арттыру, өзгелерге мақтану психологиясы жатыр.

Исламда әрбір әрекеттің түбінде «Алла ризалығы» жатады. Ал, қазіргі таңда кейбір намазхан кісілердің оқыған намазын, жасаған қажылығын, шалған құрбанын селфилетіп жатуы, Исламдағы «Алла ризалығы үшін» дейтін моральды-психологиялық құндылықты төмендетеді. «Оң қолың берген садақаны, сол қолың білмесін» деп үйреткен Пайғамбар тәліміне теріс іс.  

Мұсылман қыздардың неше түрлі күйге еніп (ауызын бұртитып, күліп т.б.) селфилетіп жататынын да көреміз. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «әтірдің иісін сезінсін» деп бөтен еркектердің жанынан әтір себініп өткен әйелді зинашымен теңеген.    

Оның үстіне, селфиге құмарту – Исламда тыйым салынған «мақтаншақтық» сипатын қоздырады. Ал Алла тағала «мақтаншақтарды сүймеймін» деген. 

Түйін сөз:

Қорыта келе айтарымыз, жалпы фотоға түсуге рұқсат. Алайда, «селфизм» құмарлығына шалдығу Ислами тәлім-тәрбиеге теріс деген ойдамыз. Ең дұрысы – Аллаға аян!

Абдусамат Қасым