Ислам діні неге құл ұстауға рұқсат берген?
Ислам діні неге құл ұстауға рұқсат берген?
2 жыл бұрын 5450

Ассаламу ғалейкум! Сұрағым: Асыл дінімізде неге құл ұстауға рұқсат берген? Оның хикметі неде? Және құлдарды неге азат етпеген? Әбу Бәкірдің  (р.а.) жомарттығын білеміз, бірақ, көбісі құлдарын азат етпеген. Тағы бір сұрағым құл иесінің айтқанын істеп дінсіз кетсе, ол да жәннәтқа кірмей ма? Сұрағым орынсыз көрінсе, Алла кешірсін. Сіздер де айыпқа бұйырмаңыздар. Мақсатым - күмәнді сұрақтардан арылу еді. Алла риза болсын, рахмет. Еркенже

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Еркенже, сұрағыңыз орынды. Көкейдегі сұрақтарға жауап іздеп, нақтылыққа көз жеткізудің айыбы жоқ. Іздемпаздық – Құран Кәрімнің мұсылмандарға үйреткен тәлімі. 

Сұрағыңызға келер болсақ, Ислам діні келген тұста «құл иеленушілік» деген нәрсе қоғамның денесіне бойлап, қанына сіңген құбылыс-тын. Құл ұстау әдеттегі жағдай еді.  Бұны, мынандай қарапайым мысалмен түсіндірелік: Қазіргі таңда қай қоғамда болмасын, адамдар автокөлік мінеді. Оны меншігінде ұстайды. Сатып алып, иемденеді. Бұндай әрекетке әлемде ешкімнің қарсылығы жоқ. Енді, бір адам тұрып: «Автокөлік иемдену – харам. Оны мінуге болмайды», - деп тыйым салуға тырысса, оның мұндай талпынысы мәнсіз болмақ. Солай емес пе?  Міне, Ислам келген кездегі «құл иеленушілік» мәселесі де дәл солай еді.  

Бірақ, Ислам құлды адам ретінде санап, иесі не ішсе, ішкізіп, не кисе, соны кидірді[1]. Ауыр жұмыс міндеттейтін болса, иесі көмектесуі керек болды[2]. Егер иесі нақақтан-нақақ қолындағы құлын ұратын болса, онысы - құлдың азат болуына себеп[3]. Қандай «кәфарат» түрі болмасын, оның өтеуінде бірінші - құлды азат ету міндеті тұрды. (Бұған төмендегі сілтемеде көрсетілген хадистер күә). Осылайша «құл иеленушіліктен» бірте-бірте адамдарды алыстатып отырды. (Кәфарат деп – Алла алдында жасаған күнәсін жуып-шаюды айтамыз. Ораза кәфараты, ант бұзудың кәфараты т.б.).

Әзіреті Омар мұсылмандардың халифасы бола тұра, Ақса мешітіне бара жатқан жолда астындағы атын құлы екеуі кезектесіп мініп барғандығы тарих кітаптарында жазулы.

Ал, Әзіреті Осман халифа болып тұрған кезінде, әлдебіреу еш себепсіз құлдың құлағынан тартады. Сонда халифа Әзіреті Осман, әлгі адамның құлағын бүкіл халықтың көзінше құлға тартқызады.

Сахаба Әбу Зәр өзінің екі шапанының бірін міндетті түрде құлына беретін. Мұндай нәрсе ол уақытта ешбір қоғамда кездеспейтін мәміле еді. Сахабаларды осындай ұлықтыққа итермелеген Ислам құндылығы.

Енді, кейбір сахабалар құлдарын азат етсе, кейбірі құл иеленді. Неге? Себебі, кейбір құлдарды жеке жіберген жағдайда өз бетінше қоғаммен біте қайнасып, өмір сүріп кетуі екі талай. Қазіргі кезеңдегідей емес, ол шақ өзгеше еді. Ондай құлды азат еткеннен гөрі, егесінің қасында, соның асырауында болғаны жақсы.  

Тарихта мынандай оқиға орын алған: XIX – ғасырда Американың 16-шы президенті Абраам Линкольн барлық құлдарды бір сәтте азат етуге бұйрық шығарады. Сонда, өмір бойы иесінің әмірін орындап, соның қасында жүріп, айтқанын істеуге дағдыланған құлдар, өз бетінше өмір кеше алмай, бұрынғы егелеріне қайта оралған екен. Осындай мәселені де ескерген Ислам діні, бір дестен тыймай әсте-әсте жойып отырды. 

Сахабалардың уақытында кейбір құлдар азат етілсе де, егелерінің қасынан кетпеген. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі Зәйд ибн Харисаны азат етеді. Бірақ Зәйд Пайғамбарымыздың қасынан кетпей қояды. 

Қазіргі таңда құл иеленушілік деген нәрсе жоқ.   


[1] للمملوك طعامه وكسوته بالمعروف ، ولا يكلف من العمل إلا ما يطيق – Құлға да, жұрттың ішкенін ішкізіп, кигенін кигізіңдер. Құлға тек күші жететін істі ғана жүктеңдер. (Хадис. Әл-Муатта. Сахаба Әбу Хурайра риуаят еткен.).
[2] إخوانكم خولكم جعلهم الله تحت أيديكم فمن كان أخوه تحت يده فليطعمه مما يأكل وليلبسه مما يلبس ولا تكلفوهم ما يغلبهم فإن كلفتموهم فأعينوهم – Олар сендерге қызмет ететін бауырларың. Алла оларды сендердің қол астыларыңа берді. Кімнің қол астында бауыры болса, оған өзі не ішсе -ішкізіп, не кисе - оған да соны кигізсін. Оларға күші жетпейтін ауыр іс жүктемеңдер. Ауыр іс жүктеген кезде, сендер де көмектесіңдер. (Хадис. Сахих Бухари - №30 хадис.).
[3]   من لطم مملوكه أو ضربه فكفارته أن يعتقه- Кімде-кім қолындағы құлын ұрып-соқса, оның кәфараты(кешірімі) сол құлды азат ету болмақ. (Хадис. Сахих Муслим-№3138 хадис)